Діни басқарма жанынан бас редакторлар клубы құрылды
ҚМДБ төрағасы пікір алмасу және ойласу отырысын өткізуді ұсынды
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының жанынан бас редакторлар клубы құрылды. Бұл туралы ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы хабарлады.
Ол бүгін Діни басқарма журналистерінің «Ізгілік жаршысы» республикалық медиафорумы аясында бас редакторлар алқасының құрылғанын айтты.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен жиынға «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп, «Айқын» газетінің бас редакторы Амангелді Құрметұлы, «Túrkistan» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы, «Мұнара» газетінің бас редакторы Серікбол Хасан, «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай және белгілі тележурналист Зейін Әліпбек қатысты.
ҚМДБ төрағасы баспасөздің қоғамдағы рөлі мен маңызын айта келе, журналистердің ізгілік пен бірліктің жаршысы екеніне басымдық берді. Бас мүфти БАҚ басшыларын ел игілігі үшін бірлесе қызмет етуге шақырып, алқа аясында пікір алмасу және ойласу отырысын өткізіп тұруды ұсынды, - деді ол.
Басқосуда бас редакторлар елдегі діни мәселелерге байланысты дер кезінде түсініктеме беру, мұсылман әлеміндегі діни ахуал, дін мен дәстүр сабақтастығын көбірек насихаттау туралы айтып, мерзімді баспасөзде жұртты имандылыққа үндейтін материалдардың шығуына ықпал етуге уағдаласты.