Зейнетақы шоттарға 12 трлн теңге жиналды
Соңғы бес айда салымшылардың ақшасы шамамен 661,9 млрд теңгеге толықты
2022 жылғы 1 маусымға дейінгі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 12,8 трлн теңге жиналды.
Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады.
Зейнетақы жинақтарының негізгі бөлігі міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен 12,4 трлн теңге болды. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтары 374,5 млрд теңге, ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) аясында жинақтардың жалпы көлемі шамамен 2,6 млрд теңгеге жетті, - деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.
Биыл жарналар көлемі көбейген. Соңғы бес айда салымшылардың шоттарына шамамен 661,9 млрд теңге көлемінде зейнетақы жарналары түсті. Бұл былтырғы жылдың қаңтар мен маусым айларының аралығындағы көрсеткіштен 29% немесе 147,2 млрд теңгеге көп.
Жыл басынан бері БЖЗҚ өз салымшыларына 947,5 млрд теңге төледі. Оның басым бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емдеу мақсаттарына арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) 840,6 млрд теңге болды.
Қазір БЖЗҚ-дан кесте бойынша ай сайынғы орташа төлем (зейнет жасына толуына байланысты) 29 360 теңге, ал ай сайынғы ең жоғары төлем 707 326 теңге болды.