×

«Барыста» бұл не деген батпан құйрық?»: тағы бір ойыншының айлығы белгілі болды

Ол жылына 481 миллион теңге алатын болып келісті

 Дастан Жұмабекұлы 21.06.2022 | 14:50
фото: shaiba.kz

Канадалық хоккеист Линдей Вей «Барыс» клубымен жаңа келісімшартқа қол қойды.

Шабуылшы командамен келісімшартын бір жылға ұзартып, қазіргі рубльдің курсымен есептегенде жылына 481 миллион теңге алатын болып келісті. Сонда ол айына 40 млн теңге алатын болады.

Осыған байланысты әлеуметтік желіде халық наразылық танытып жатыр. Мысалы, журналист Мақсат Толықбай айына 40 миллион теңге жалақы ұсынатындай оның қандай еңбек сіңіргенін айтты.

«Айына 40 миллион теңге жалақы ұсынатындай, ол қыруар қаржыны демеуші өз қалтасынан шығарып отыр ма?

Қымбатшылық қысып, елдің экономикасы тұралап тұрғанда «Барыс» хоккей клубы ойыншыларымен «ерекше» келісім-шарт жасасып жатыр. Бұл команданы «Самұрық Қазына» қаржыландырады. Қор Үкіметке қарасты. Яғни, ондағы қаржының сұрауы болуы керек!

Мәселе мынада. «Барыс» Никита Михайлис деген ойыншыға жылына 401 миллион теңге төлейміз деп шешім қабылдапты. Өткен аптада әріптестер бұл мәселені көтерді. «Барыс» та, «Самұрық Қазына» да үнсіз. Бұл аздай, енді Линдей Вей деген шетелдік ойыншыға бір жылдық шарт ұсынып, қазіргі (рубль – теңге ) курсымен 481 миллион теңге жалақы төлемекші.

Кәсіби клубтарды қаржыландыруды тоқтату керек! Одан да ол ақша бұқаралық спортты дамытуға жұмсалсын», - деп жазды ол.

Бұған дейін «Барыс» хоккей клубының шабуылшысы Никита Михайлис командамен жаңа келісімшартқа қол қойғаны хабарланған болатын. Жаңа келісім бойынша ол жылына 50 млн рубль (шамамен 870 мың доллар) жалақы алатын болыпты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама