×

Жалақысы жан бағуға жетпейтін жамбылдық жұмысшылар бас көтерді

Арасы жоқ дегенде 400 шақырым болатын бүкіл ауданға 4 адам қызмет көрсетуі керек

 Еркеғали Болатұлы 21.06.2022 | 13:36
фото: ашық дереккөз

«Жамбыл электр желілері» ЖШС аудандардағы жұмысшыларының жалақыға көңілдері толмай отыр. Сондықтан олар Таразда айлықты көтеруді талап етіп, бас көтерді.

«Айлық – 85 мың теңге. Электриктердікі 100-110 мыңға барады. Ал енді жоқшылықтан барлық электриктер «калым жасаймыз» деп жүріп мүгедек болып, өліп те кетіп жатыр. Көп жерде электрик, контралер, жүргізушілердің жетіспейтіні содан», - дейді жұмысшылардың бірі Ескендір Әлпішев.

Наразы топ «компания жұмысшыларды құлша жұмсайды» дейді. Тіпті демалыс күндері де жұмысқа шығарып, тыным бермейтін көрінеді. Оның үстіне мүлдем жағдай жасалмаған. Техниканың 50 пайызының тозығы жеткен әрі бұрауыш, қысқыш сынды керек-жарақты да жұмысшылардың өздеріне алдырады екен.

Техника да жоқ. Бізді жаяу жібереді. Жаяу жүрмес үшін бензин құйып, өзіміздің машинамен жүреміз. Осы жұмысқа кіргелі бері осылай болып жатыр. Бір жылдай болды, - дейді Шу аудандық электр желілері мекемесінің бақылаушысы Алмас Бекбаев.

Жиналғандардың айтуынша, тіпті кей аудандарда жұмысшыларды қысқартып тастаған.

«4 адам Ақсүйектен Ұланбелге дейінгі бүкіл ауданға қызмет көрсетуіміз керек. Арасы жоқ дегенде 400 шақырым болады», - дейді «Мойынқұм аудандық электр желілері» мекемесінің жұмысшысы Ерлан Шәріпбеков.

«Жамбыл электр желілері» ЖШС-нің басшылығы аталған мәселелерді жоққа шығара алмады. Бірақ оларды шешу үшін қомақты қаражат керек дейді. Сондықтан жалақыны да әзір көтере алмайтын көрінеді.

Мекеме табиғи монополялар субьектісі болып табылады. Біздің әр іс-қимылымызды табиғи монополяларды реттеу департаменті қадағалайды. Тарифты да сол мемлекеттік орган бекітеді. Олардың бұйрығынсыз ештеңе істей алмаймыз, - деп отыр «Жамбыл электр желілері» ЖШС бас директорының орынбасары Бауыржан Көрпебаев.

Ал наразы топтың айтуынша, қуат тарату компаниясын мемлекет өз қарамағына алуға тиіс. Олар тек сондай сәтте ғана жағдайдың оңалатынынан үмітті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама