Halyq Uni логотип
×

«Маған ақыл үйретпе». Қоғам белсендісі полицейлерге алаяқтардың құрбаны болғанын дәлелдей алмай жүр

Дидар Смағұлов полиция өкілдерінің әрекетсіздігін сынға алды

 Ербол Тұрымбет 21.06.2022 | 12:14
«Маған ақыл үйретпе». Қоғам белсендісі полицейлерге алаяқтардың құрбаны болғанын дәлелдей алмай жүр
Дидар Смағұлов, қоғам белсендісі

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов «жалған» жиһаз жасаушыдан 11 адам зардап шегіп отырғанын, оның қатарында өзі де барын жазды. Жалпы шығын көлемі 8 млн теңгеден асады екен.

Қоғам белсендісінің айтуынша, жиһаз жасаушы ресми түрде ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Ел сеніміне кіру үшін алаяқтар әлеуметтік желілдерде белсенді түрде парақшаларын жүргізіп, нарыққа сай орташа баға қойған. Сол арқылы тұтынушыларды тартып, орға жығатын оңтайлы жол тапқан екен.

«Осыдан 2 ай бұрын қалалық полиция департаментінің орынбасары Мұратжан Шәкеровтің қабылдауында болып, жағдайды түсіндірдім. Келісімшарт болғанның өзінде, оның азаматтық-құқықтық қарым-қатынас арқылы сотта қаралуы ғана емес, алаяқтық болуы да мүмкін екенін айттым. Ал шенді қызметкер оған ақыл үйретудің қажеті жоқ екенін айтып, қабақ шытып шығарып салды», - дейді Дидар Смағұлов.

Жалпы, Жоғарғы соттың «Алаяқтық туралы істер бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулысы бар. Қоғам белсендісі полиция қызметкерлерінің соған мән бермей отырғанын сынға алды. Мәселен, Сарыарқа аудандық полиция бөлімі үш рет, Есіл аудандық полиция бөлімі екі рет жауып тастаған.

Дегенмен, қалалық ПД басшының орынбасарының қабылдауында болғаннан кейін іс қозғалған. Алайда 1,5 ай ішінде тергеуші небәрі үш адамнан жауап алыпты.

«Мен мамандығым бойынша заңгермін. Осындай жайттарға қатысты мол тәжірибем болса да, полиция өкілдерінен әділдік таба алмай келемін. Қарапайым азаматтар қоғамды жайлаған алаяқтық, жемқорлықпен бетпе-бет қалып отыр. Ендеше «тәртіп сақшысы» дейтін мыңдаған полиция қызметкерін не үшін ұстап отырмыз?», - дейді қоғам белсендісі.

Дидар Смағұловтың жазуынша, шыдамы таусылған зардап шеккен азаматтардың бірі әлгі «жиһазшыны» соққыға жығып, ақшасын қайтарып алыпты.

Енді ойлап отырмын, бәлкім, маған да сөйту керек шығар?! Сонда полиция бізге не үшін керек? Есіме түсті-ау деймін, митингке шыққандарды қуып тарқатып, көпбалалы аналарға айыппұл салу үшін керек, -  дейді Дидар Смағұлов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама