×

Қонаев тұрғындары ұйықтай алмай жүр: қалаға қоныс аударғандар әкімдікке шағымданды

Қала атауы өзгергенімен, ескі проблемалар әлі бар

 Думан Қырықбаев 21.06.2022 | 10:19
көрнекі фото: yvision.kz

Қонаев қаласында биыл маса ерекше көп. Тұрғындардың мазасы қашып жатыр. Әсіресе жаңадан көшіп барғандар үйренісе алмай әлек.

СЭС мамандары улау шарасын жүргізгенімен, қансорғыштардың азаятын түрі жоқ. Көл жағасында жүрген демалушылардың шағымы тек маса жайлы. Маса шаққаннан көбісінің қол-аяғыы бөрітіп кеткен. Кешкісін серуендеу қиындаған. Жергілікті тұрғындар әкімдіктен көмек сұрауға мәжбүр.

Бізде бұндай проблема бұрыннан бар. Жаз бастала маса басталады. Содан кейін мамандар улау жұмыстарын жүргізеді. Содан барып тынышталамыз. Адам сияқты ұйықтаймыз. Ал, қазір маса көп, ұйқыдан қалдық. Бір жасар немерем бар. Таң атқанша мазасызданып шығады, -  дейді Қонаев қаласының тұрғыны Ажар Ерназарова.

Бұл мәселеге қатысты СЭС мамандары масаны улау жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Қазір шаһар айналасын, әсіресе, қамысты алқаптарды дәрілеп жатыр. Жалпы қалада 46 су тоғаны бар екен. Ондағы қансорғыштарды жою мақсатында 60 га аумаққа дезинфекция жұмыстары жүргізілген.

«Безгек ауруының алдын алу мақсатында біз 16 мамырдан бастап масаларды улау шарасын бастадық. Масалар арқылы таралуы мүмкін зиянкестерді уладық. Ал, 16 маусымда улаудың екінші кезеңі өтті. Нәтиже болады. Қалада көл болғандықтан жазда маса болуы заңды. Айта кетейік, олармен күрес мақсатында елімізде жыл сайын қаражат бөлінеді. Арнайы мамандар да тартылады», - дейді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Лариса Радугина.

Мамандар маса тек көл аумағында ғана емес, көпқабатты үйлердің жертөлелерінде де көп екенін айтып отыр. Себебі, іші суға толып қалған. Сондықтан, кешенді жұмыс жүргізілуі тиіс деп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама