Бұған қоса жалған құжаттар тасымалдаған қырғызстандық ұсталды
Жамбыл облысындағы рейдтік іс-шаралар туралы белгілі болды.
ҰҚК Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті мемлекеттік шекарадан екі шақырым жерден атыс қаруы жасырылған орынды тапты. Жасырын жерден 4 тапанша мен 6 бірлік йір ойық және тегіс ұңғылы қару түрлері алынды, – дейді ұлттық қауіпсіздік комитеті.
Аталған факт бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.
Бұған қоса 14 қаңтарда «Қордай» (автокөліктік) өткізу пунктінде жеңіл көлікпен келе жатқан Қырғызcтанның «С» деген азаматы ұсталды. Тексеру кезінде көліктің жүк бөлігінен 50 дана литерлік мөр, 4 дана шетелдік паспорт пен 20 дана банк картасы табылды, – дейді комитет.
Ұсталған азамат Қордай ауданы бойынша АІІБ-ға тапсырылды.
Атап өтсек, 2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты.
Осы жағдайға байланысты барлық өңірде төтенше жағдай режимі енгізіліп, президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Мемлекет басшысы «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты.