×

Асхат Аймағамбетов ауыл мектебі мұғалімінің айлығын айтты

12 жылдық тәжірибесі бар информатика пәнінің оқытушысы 400 мың теңгеге жуық жалақы алады

 Дастан Жұмабекұлы 21.06.2022 | 09:22
фото: Асхат Аймағамбетовтың әлеуметтік парақшасынан

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Павлодар облысында ауыл мектептерінің мұғалімдерімен кездесті.

Осы жерде министр білім беру нысандарын аралап, Жетекші ауылының мектебінде мұғалімдермен әңгімелесіп, оқу бағдарламалары, жазғы мектептің қорытындысы мен жалақы мәселесін талқылағанын айтты.

Министр мектептердің жұмысына жақсы баға берді. Алайда, кемшін тұстарын да жасырмады.

«Жалпы мектептің жағдайы жаман емес. Сабақ өткізуге жақсы жағдай жасалғанымен, «Оқуға құштар мектеп» жобасы тиісті деңгейде орындалмаған екен. Сатып алынған әдебиеттер министрліктің ұсыныстарына сай келмейді. Балаларға қызықты басылымдар аз. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуі қажет», - деп жазды министр желідегі парақшасында.

Кездесуде айлық мәселесі туралы айтқанда министр ауылда 12 жылдық тәжірибесі бар информатика пәнінің мұғалімі 400 мың теңгеге жуық айлық алатынын, бұл ауыл мектебі үшін жақсы табыс екенін атап өтті.

Сонымен қатар министр ақпараттық технологиялар колледжінде болды. Ол колледжің жұмысына да жақсы баға берді.

«Колледждің бұрын қандай болғанын, ал қазір қандай екенін ескерсек, атқарылған жұмыстар таң қалдырады. Өңір басшысының ТжКБ-ны және оның ішінде осы колледжді дамыту мәселесіне атсалысып жатқаны қуантады. Былтыр осы колледждің студенті елімізге EuroSkills сайысынан медаль алып келген болатын. Ол «Веб-дизайн» бағыты бойынша сайысқа түсті.

Кемеңгер ауылындағы тағы бір колледж ветеринар дайындығы бағыты бойынша жұмыс істейді. «Жас маман» жобасының арқасында колледждің материалдық-техникалық базасы жақсартылған. Колледждің жұмысқа орналастыру, оқу шаруашылығын дамыту және дуалды оқыту бойынша жақсы көрсеткіштерін атап өтуге болады. Білім беру ұйымдарын аралағаннан кейін барлық басшыға тиісті тапсырмалар берілді», - деді  Асхат Аймағамбетов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама