×

Дәрігерлер жалақысының 100% көтерілуіне қарсылық танытып, жаппай ереуілге шықты

Бұл елдің медбикелеріне айына 30 мың Зимбабве доллары (79,37 АҚШ доллары) төленеді

 Қанат Атаманов 21.06.2022 | 06:30
Фото: ашық дереккөздерден

Зимбабведегі ауруханалардың бірінде медицина қызметкерлері, негізінен медбикелер мен кіші дәрігерлер ереуілге шығып, жалақы жағдайларын жақсартуды талап етті.

iHarare порталының хабарлауынша, өткен аптада дәрігерлер, медбикелер және рентгенологтар жалақының аздығына байланысты бұл қадамға баруға мәжбүр болған. Бұл елдің медбикелеріне айына 30 мың Зимбабве доллары (79,37 АҚШ доллары) төленеді. Ереуілге шыққандар инфляцияның әсерін азайту үшін жалақыны АҚШ долларымен төлеуді талап етіп отыр.

Бұған дейін Зимбабве үкіметі 1 шілдеден бастап мемлекеттік қызметкерлердің жалақысының 100 пайызға көтерілетінін жариялаған болатын. Бірақ олар бұл шешімге үзілді-кесілді қарсылық танытуда. Себебі, Зимбабведе мамыр инфляциясы шамамен 132 пайызды құраған.

Айта кетсек, 2009 жылы инфляция 500 млрд пайызға жеткен кезде ел билігі Зимбабве долларынан бас тартып, 10 жылдай бірнеше валютаны, соның ішінде АҚШ долларын пайдаланған-ды. Ал 2019 жылдың маусымында Зимбабве үкіметі мультивалюталық режимді жойып, ұлттық долларды жалғыз заңды төлем құралы ретінде қайта енгізді. Алайда, 2020 жылдың наурыз айында COVID-19 пандемиясы кезінде транзакцияларды жеңілдету үшін шетел валютасына рұқсат етілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама