Астанада бір күнде 177 адам төтенше жағдай режимін бұзды
Нұр-Сұлтан қаласының комендатурасы тұрғындарға ескерту жасады
Комендатура мәліметінше, елордадағы жағдай тұрақты. Түнгі сағат 23.00-ден бастап таңғы 07.00-ге дейін коменданттық сағат жалғасуда. Қала периметрі бойынша 6 блокбекет тәуліктік режимде жұмыс істеп жатыр.
Бір тәулік ішінде қалада 9 қылмыс және 74 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның ішінде екеуі зардап шекті. 102 арнасына 1732 астам қоңырау түсті. Олардың көбі – анықтамалық сипаттағы хабарламалар. Тұрғындарды ауа райына байланысты тас жол жағдайы, блокбекеттер жұмысы, сондай-ақ құқық бұзушылық туралы мәселелер қызықтыруда, – дейді ведомство.
Бас қалада бір күнде 177 адам төтенше жағдай режимін бұзды. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Процессуалдық шешімді сот қабылдайды. Тәулік ішінде коменданттық сағат режимін бұзғаны үшін 8 кәсіпкерлік субъектісінің жұмысына тосқауыл қойылды.
Есіл ауданында 2 көңіл көтеру орны тарапынан коменданттық сағатты бұзу фактісі анықталды. Maestro караоке клубы мен KINGDOM рестобары комендант сағатын елемей, азаматтарды қабылдады. Сонымен қатар Кенесары көшесіндегі «Дыши» барында 35 адам болды, – делінген ақпаратта.
Барлық тәртіп бұзушы полицияға жеткізіліп, оларға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Мекемелердің лицензиясын кері қайтару мәселесі қаралып жатыр.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, төтенше жағдай режимінің талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Астана комендатурасы коменданттық сағатты бұзбауды, азаматтардың тәртібі мен тыныштығын сақтауды ескертеді, – делінген хабарламада.