×

Каспий құбырының маңында миналар бар – Энергетика министрі

25 маусымға дейін теңіз түбін тазарту жұмыстары бітеді

 Дастан Жұмабекұлы 20.06.2022 | 15:16
фото: shell.com.kz

Энергетика министрі Болат Ақшолақов Каспий құбыр консорциумы маңында табылған минаға қатысты пікір білдірді.

Ол Каспий құбыр консорциумы маңында Екінші дүниежүзілік соғыстан қалған миналардың бар екенін айтты.

Өкінішке қарай, ол жерлерде Екінші дүниежүзілік соғыстан қалған мина көп кездеседі, - деді министр Парламент палаталарының бірлескен отырысының алдында БАҚ өкілдеріне.  

Оның айтуынша, бұл бағытта өткен аптада консорциуммен бірігіп, тиісті жұмыстар басталатын болған. Дегенмен ол табылған миналар Каспий құбыр консорциумы жұмысына әсер етпейтінін айтты.

Қашағанда 15 шілдеге дейін жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мұнайды айлақтан тасымалдайтын бір құрылғы (АТҚ) жұмыс істеп тұр. Ал қалған екеуі теңіз түбін тазарту жұмыстарын жүргізу үшін уақытша тоқталды, - деді министр.

Министр Каспий құбыр консорциумында 25 маусымға дейін теңіз түбін тазарту бойынша жоспарланған жұмыстар аяқталуы тиіс екенін айтты.

Қашағансыз Каспий құбыры консорциумына жеткізілетін мұнайға айлақтан тасымалдайтын бір құрылғының қуаты жетеді, - деді Б. Ақшолақов.

Бұған дейін Каспий құбыр консорциумының мұнай тасымалдайтын 2 құрылғысы жұмысы уақытша тоқтағаны хабарланған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама