Елімізде халықтан ұсыныс жинау платформасы іске қосылады

Динара Амантай

Өтініштерді қабылдау АБҚО-ның ресми сайтында 1 тамызға дейін жалғасады

Фото: Halyq Uni

Азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарына арналған электрондық платформа Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының ресми сайтында құрылады. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады

Министрліктің жобасын іске асыру шеңберінде АБҚО ресми сайтында қазақстандықтарға өзекті мәселелерді шешу бойынша өтініштер мен ұсыныстар енгізуге мүмкіндік беретін «Birgemiz» краудсорсингтік платформасын іске қосады, – делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, ұсыныстарды жинау ағымдағы жылдың 1 тамызына дейін жалғасады. Бұдан әрі халықтың қажеттіліктеріне сәйкес келетін ұсыныстар егжей-тегжейлі талданып, мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.

Бұған қоса ақпаратта ұсыныстарды жинау мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ұсынылған әлеуметтік жобаларды міндетті түрде іске асыруына кепілдік бермейтіні айтылған. Сонымен бірге азаматтарға ұсыныстарды қарастыру қорытындылары туралы кері байланыс беруді көздемейді.

Жолданған ұсыныстар мемлекеттік органдардың оларды одан әрі іске асыру мүмкіндіктерін талдау және қарастыру үшін ғана пайдаланылатын болады.