Шымкентте көпбалалы анадан үй кезегін жылжыту үшін 1 млн теңге сұраған
Жеті баланы жалғыз асырап отырған әйел өзі үйі болғанын армандайды
Шымкент қаласында жеті баланы жалғыз өзі асырап отырған Динара Ерназарова есімді тұрғын – ІІІ топтағы мүгедектігі бар тұлға. Көпбалалы ананың басты арманы - пәтер алу. Алайда, Динара бұл арманының жуық орада орындалатынына күмәнмен қарайды. Себебі, осыдан төрт жыл бұрын үй кезегіне тұрған келіншек кезектің сол күйі жылжымағанын айтады. Тіпті, көпбалалы анаға үй кезегін алға жылжыту үшін «ерекше» ұсыныс та жасалған екен.
«Былтыр маған ұсыныс түсті. Ақшасын берсем, кезекті жылжытамыз деген -1 млн теңгедей. Ондай ақша таба алатын болсам, ешкімге алақан жаймай, үйді өзім алушы едім ғой. Айлығым - 68 мың теңге. Қаладағы университеттің бірінде еден жуамын. Жұмысқа таңертең кетіп, үйге кешке бір-ақ ораламын. Оған дейін жеті балама анам қарап отырады. Бұлар да менің үйден кеткенімді қаламайды. Бірақ, оларды біреу асырау керек қой», - дейді көпбалалы ана.
Динара былтыр күйеуімен ажырасыпты. Дәм-тұзы жараспаған ерлі-зайыптылар ақыры заң жүзінде екіге айырылысқан. Балалардың әкесі де қос аяғынан айырылған жарымжан адам.
Жолдасыммен бірге тұрғанда грант жеңіп алған едім - 550 мың теңге. Сүтін, майын сатамын деп ол ақшаға сиыр алдым. Бірақ, күйеуім екеуміз ажырасқан соң, мүлік бөлінісіне салып сатып жіберіпген. Енді АӘК алуға арыз жазсам, менде кәсіп барын айтады. Сөйтсем, 550 мың теңгеге кәсіп ашқан болып саналады екенмін. Осылай 21 мың теңгеден де қағылдым, - дейді жалғызбасты ана.
Көпбалалы отбасы Шымкент қаласының шетінде пәтер жалдап тұрады. Таңның атысынан кештің батысына дейін жұмыста жүретін әйелдің соңғы уақытта денсаулығы да сыр бере бастаған.
«Соңғы кездері ес-түсімнен айырылу жағдайы жиілейтін болды. Кеше құладым, қатты қорықтым. Мен өлсем жеті баланы кім асырайды?! Күйеуімнен қайыр жоқ. Ол алимент де төлемейді. Үйлі болғым келіп, біраз қайырымдылық қорына өтініш жаздым. Еш жауап жоқ. Қазір азық-түлік алу да қиындап кетті. Бар арманым - үй алу. Басымда үйім болса, қалғанының бәрі уақытымен келе береді ғой», - деп аяқтады сөзін Шымкент қаласының тұрғыны.
Динараның балалары мектеп үйірмелерінен қалмайды. Егіз перзенті домбыра шертуді үйреніп жүр. Олар өскенде анасына үй алып беруді мақсат тұтып жүр.