×

Қазақстанда ресми 18 мыңнан астам нашақор тіркелген

Ал шын ахуалға келетін болсақ, науқастардың саны бірнеше есеге артып жығылады

 Еркеғали Болатұлы 20.06.2022 | 13:39
фото: ашық дереккөз

Ішкі істер министрлігі жазғы демалыс кезінде балалардың немен айналысып жүргенін қадағалап отыруға кеңес берді. Өйткені ересектер оларды заңсыз есірткі саудасына тартуы мүмкін.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адамдардың саны 22 пайызға өскен. Ал БҰҰ мәліметінше, әлемде шамамен 275 миллион нашақор бар екен. Одан жыл сайын 500 мыңнан аса адам қайтыс болады.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, елімізде 18,5 мыңнан астам нашақор тіркелген. Оның ішінде 1,5 мың әйел, 94 жасөспірім бар. Бірақ бұл ресми тіркеуде тұрғандардың саны. Ал шын ахуалға келетін болсақ, науқастардың саны бірнеше есеге артып жығылады, - дейді Бақытжан Әмірханов.

Ресми мәліметке сәйкес, биыл 5 айдың ішінде 3 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелген. Соның ішінде ескірткіні өткізу және аса ірі мөлшерде сақтау фактілері бар. Нұр-Сұлтанда және Атырау облысында 3 қылмыстық топ ұсталған. Екі тоннадан астам есірткі тәркіленіп, республика бойынша 16 зертхана жойылған.

«Қазір оқушылар мен студенттер жазғы демалысқа шықты. Осыған байланысты ата-аналарға балалардың бос уақытын қадағалап отыруға кеңес береміз. Әлеуметтік желідегі түрлі жарнама, хабарландыруды дұрыстап тексеріп, ондағы ұсынылатын жұмыстың сипатына баса мән беруге, сайт әкімшісі мен курьердің жұмысына қатысты ұсыныстарды қабылдамауға шақырамыз», - деді Бақытжан Әмірханов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама