Тәртіп сақшылары келгенше күдіктіні жерге жатқызып ұстап отырған
Ақтөбеде Ұлттық ұлан эфрейторы Андрей Петров қызды зорламақ болған ер адамға тосқауыл қойды. Ол туралы Александр Цой есімді блогер өзінің Facebook-тегі парақшасына жазды.
Оқиға 15 маусымда түнгі 03:00 шамасында болған. Андрей Петров түнде балконға шыққанда көмек сұраған қыздың дауысын естіген. Ойланбастан далаға шыққан ол қызды зорламақ болған ер адамды көрген. Содан қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін пайдаланып, ер адамды жерге алып ұрған.
Кейін 102 нөміріне қоңырау шалып, полиция шақырған. Тәртіп сақшылары келгенше күдіктіні жерге жатқызып ұстап, полицияға табыстаған.
Мен кез келген адамның осылай жасайтынына сенімдімін. Бұл – ерлік емес. Жанындағыларға көмектесу – еркек үшін ар мен намыс ісі. Мұндай жайтқа бей-жай қарамаңыздар, - дейді ол.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Зардап шеккен қыз полицияға арыз жазған.