Аймағамбетовтің бұйрығы орындалмай отыр: Атырауда жас маман мектеп директорымен соттасып жатыр
Тарих пәнінің мұғалімі мектептегі жұмысына қайта оралғысы келеді
Атырау облысы Жылыой ауданындағы №21 мектептің тарих пәні мұғалімі шындық іздеп шырылдап жүр. Ол осыдан бір ай бұрын өзін «заңсыз жұмыстан шығарып жіберді» деп есептеп, мектеп директорын сотқа берген. Оқиғаның қалай болғанын жас маман Гүлдана Ертүгел Halyq Uni тілшісіне баяндап берді.
Тарих пәнінің мұғалімі осы оқиғаға дейін мектеп директорымен арасы жақсы болғанын айтады.
«Мен 2020 жылы магистратураны аяқтап, мамандығым бойынша өз ауылымнан жұмыс іздедім. Enbek.kz сайтынан қараған кезде еш жерден ваканттық сағат табылмады. Сол себепті былтыр 1 қыркүйектен бастап №21 мектепке декретке кеткен мұғалімнің орнына жұмысқа орналастым. Мектепте тарих пәнінен сабақ беретін 3 мұғалім болдық. Бәрімізге 28, 24, 21 сағаттан бөлінген. Басында «бұл қалай? Заң бойынша әр мұғалімге оқу жүктемесі бойынша 16 сағаттан беріліп, қалған артық сағат сайтта жариялануы керек қой» деп ойлап жүрдім. Кейін жұмысқа беріліп, ашық сабақ, мерекелік кештер ұйымдастырудан қолым тимей кетті. Бірақ бұл мәселе мені айналып өтпеді», - дейді ол.
Гүлдана бір жыл ішінде әртүрлі аудандық, облыстық жарыстардан 10-нан астам жүлделі орын алған. Алайда, бұл оның өзі қызмет еткен мектепте тұрақтап қалуына көмектеспеген. Өзінің айтуынша, декреттегі маман қысқы демалыстың алдында қаңтар айынан бастап, жұмысқа шығатынын айтып, арыз жазған.
«Декреттегі апай арыз жазғаннан кейін маған ескертпе қағазы келді. Қағазды алған соң ваканттағы бос тұрған сағатты сұрап, мектеп директорына бірнеше рет бардым. Ол кісі «9 сағатқа жұмыс жасамайсың ғой» деп мен үшін шешім шығарды. Кейін «мүлдем бос сағат жоқ» деді. Мен мектепке, оқушыларыма бауыр басып қалғандықтан кеткім келмеді. Оған қоса, министр Аймағамбетов сол кезде «мұғалімдердің жүктемесін оқу жылы басталғанда күзде және жылдың басы қаңтар айында екі рет бөлуге болады» деген бұйрық шығарған еді. Осыны басшылыққа қанша айтсам да, ол кісі мені жұмыста қалдырғысы келмеді. Ең қызығы біздің директор басқа мектептің басшыларына телефон шалып, маған жұмыс іздеген. Бұл менің намысыма тиді. Осы оқиғаға дейін мектеп директорымен ренжісіп көрмедік. Әлі күнге неге менен құтылғысы келгенін түсінбедім», - дейді Гүлдана.
Жас маман декреттегі ұстаздың орынына жұмысқа алынғанымен, еңбек шарты 25 мамырға дейін жасақталыпты. Содан ол заңға сүйене отырып, аудандық білім бөлімінен әділдік сұраған.
«Еңбек шартымды ашып қарасам, мені 25 мамырға дейін жұмысқа алған екен. Содан аудандық білім бөліміне барып, жағдайды түсіндірдім. Ол кісілер біздің мектептің басшыларын шақырды. Алғашында директор білім бөлімінің басшысына тарих пәні бойынша артық сағат жоқ екенін айтты. Мен біздің артық сағатпен жүргенімізді алға тарттым. Ақырында бәріміз бірге отырып, мұғалімдердің жүктемесін санадық. Басында артық шыққан 9 сағатты берді, кейін тағы 5 сағат қосты. Солай мектептегі күндерім өтіп жатты. Бірақ біздің дауымыз мұнымен біте қоймады», - дейді жас маман.
Гүлдана қысқы демалыстан кейін өзіне берілген 15 сағатпен жұмысын жалғастырады. Алайда басшылық «кері жұмысқа шығып жатырмын» деген арыз жазбағанын айтып, 10 күндік еңбек ақысын қиып тастаған көрінеді.
«Қаңтардан бастап, жұмысқа шығып, сабағымды бердім. «Ешкім маған кері өтініш жаз» демеді. Бір ай өткеннен соң 13 күнге ғана жалақы түсті. Себебін сұрасам, «сен кері өтініш жазбадың» деді. Содан адал еңбегімнің ақысын талап етіп, еңбек инспекциясына арыздандым. Олар келіп, тексеріс жасады да «бұл жерде ешқандай заң бұзушылық жоқ» деп шешім шығарып берді. Менің оларды сотқа бергеннен басқа амалым қалмады. Сот «еңбек инспекциясы дұрыс тексеріс жүргізбеді» деген үкім шығарды. Бұл шешімнен соң біздің мектеп директоры, оқу ісінің меңгеушісі екеуі «13 күнге ғана жалақы төленді. Өйткені, Ертүгел Гүлдана қалған күндері жұмысқа келмеді» деп үстімнен заңсыз акт толтырды. Тіпті, мені ол актімен таныстырмады. Күйіп кеттім. Өзім мына жақта әділдік таппай жүргенде басшыларым үстімнен жалған арыз жазды. Бұл жағдайдан соң депрессияға түсіп кеттім», - дейді мұғалім.
Гүлдана - бакалавр мен магистратураны мемлекеттік грантта оқыған. Өзінің айтуынша, мұғалімдікті балалармен жұмыс жасағанды жақсы көргесін таңдаған. Тіпті, сот әділ шешім шығарса, осы білім ордасында жұмысын жалғастыра бергісі келеді.
«Менің еңбек шартым 25 мамырға дейін жасалған. Ал заң жүзінде мұғалімдердің еңбек шарты 31-тамызға дейін жасақталуға тиіс. Оған қоса, қағаздарды тексеріп келгенде мені кезінде декреттік орынға емес, штатқа жұмысқа алғаны анықталды. Бұл жерде заңсыздық әу бастан болған. Қазір маған «жұмыстан босатылдыңыз» деген қағаз келіп, бұйрық шықты. Мен бұны заңсыз деп есептеймін. Сол себепті қазір сотқа беріп қойдым. Әділдік тауып, жұмысыма оралғым келеді», - дейді маман.
Тарих пәнінің мұғалімі жақында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің ұстаздармен кездесетіні туралы естіпті. Ол кездесуге барып, жас мамандардың жағдайы туралы баяндағысы келеді.
«Бұл жағдайдың бәрі мен үшін оңай болмады. Басшылық әріптестерімді де маған қарсы қойып қойған секілді. Егер өз мамандығын жақсы көріп, сағат сұраған әр мұғалімді осылай шеттетсе, болашақта мектепке білікті жастар бармайды ғой. Шынын айтқанда облыстағы білім саласына қатысты басшылардың бәрі бұл жәйттан хабардар. Бірақ біреуі де қолдау көрсеткен жоқ. Қолдамақ түгілі, жазған арыз-өтінішіме жауап бермеді. Сондықтан, Асхат мырзамен жолығып, бұл саладағы мәселелерді баяндағым келеді», - дейді Гүлдана Ертүгел.
Алтынай Серікбай, Атырау облысы