Астанада жаттықтырушылар шеберлік сабақ өткізеді
Оған Мырзағали Айтжанов пен Нұрлан Ақүрпеков қатысады
21-26 маусым күндері елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде бокс жаттықтырушыларының білім-білігін арттыру курсы өтеді. Бұл шараны Республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы ұйымдастырғалы отыр.
«Дене шынықтыру және спорт жөніндегі республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы» РМҚК директоры Қыдырбек Рысбектің айтуынша, курсқа шақырту еліміздің барлық өңіріндегі спорт басқармаларына жіберілген.
«Үш бірдей әлем чемпионын, Олимпиаданың екі жүлдегерін жаттықтырған Мырзағали Айтжанов 22 маусым күні түске дейін жиналғандарға дәріс оқып, түс ауа қолына тоспа (лапа) ұстап, қолғап киіп, шаршы алаңда тәжірибесін ортаға салады.
Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевтың, әлем чемпионатының күміс медалисі Әбілхан Аманқұлдың және дүниежүзілік біріншіліктің қола жүлдегері Ғани Жайлауовтың ұстазы Нұрлан Ақүрпеков те елге кеңінен танымал. Нұрлан 23 маусымда түске дейін жаттықтырушылармен сұхбат құрып, түс ауа практикалық сабақ береді.
Курс жұмысы мұнымен шектелмейді. Жаттықтырушыларға алғашқы медициналық көмек, тамақтану, спорттық психология, тейптеу және спорттық құқық мәселелері бойынша лекциялар оқылады», - деді ол.
Оның айтуынша, түсінген адамға білім-білік арттыру курстарының берері мол. Кезінде Кеңес одағы мұндай жиындарға жете мән берді. Мәскеуде жаттықтырушылардың жоғары мектебі жұмыс істеді. КСРО-ға қараған 15 одақтас республика мен Мәскеу, Санкт-Петербор қалаларының мықты деген жаттықтырушылары сол мектептен дәріс алуға керемет ынталы болды. Бізге де сондай білім көтеретін, білікті ұштайтын мекеме керек. Онсыз ғылымды тұлпар ғып мінген бүгінгі әлемдік спорт аламанында бәйгеге таласу мүмкін емес.