×

Ит пен мысықтан қауіпті індеп тарап жатыр

Бұл ауру медицинада «Дерматомикоз» деп аталады

 Дастан Жұмабекұлы 20.06.2022 | 10:35
фото: merzim.kz

Қызылдорда облысында дәрігерлер иттерден қауіпті індет тарап, жергілікті халықтың жаппай сырқаттана бастағанын айтып, дабыл қағып отыр.

Қолда бар мәліметке қарағанда, Қызылордада иесіз ит пен мысықтардан жұқпалы тері ауруымен ауырғандар қатары көбейіп жатыр. Бұл ауру медицинада «Дерматомикоз» деп аталады. Ол ересектерге де, балаларға да жұққан.

Қызылорда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарлауынша, қатерлі тері ауруы Жалағаш пен Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласында болып отыр. Соңғы бес айда өңірде қатерлі паразитарлық ауруға шалдыққан 126 науқас тіркелген.

Қызылорда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды бақылау бөлімінің басшысы Әлия Ыдырысованың айтуынша, жалпы паразитарлық аурудың 90,4 пайызы адамдарға ит пен мысықтан жұғып отыр. Ал 9,5 пайызы қарым-қатынас арқылы жұққан.

Қазіргі уақытта қауіпті сырқаттың өршуіне жол бермеу мақсатында «Дерматомикоз» ауруы тіркелген барлық ошақтарда Ұлттық сараптама орталығының филиалымен дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді – деді Әлия Ыдырысова.

Оның айтуынша, жаз мезгілі тері ауруларының өршитін кезеңі деуге болады. Осыған байланысты мамандар жеке тазалықты басты назарда ұстап, иттер мен мысықтарға жақындамауға кеңес беріп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама