×

ЖОО-ға түсуді сылтауратқан колледж түлектері әскерге жеткізіліп жатыр

Кез келген азамат әскери борышын өтегеннен кейін де таңдаған оқу орнына түсе алады

 Еркеғали Болатұлы 19.06.2022 | 23:13
фото: ашық дереккөз

Тараздағы колледж түлектерін соңғы емтиханды тапсыра салысымен әскери комиссариатқа жинап алып кеткен әскерилер түсініктеме берді. Олардың айтуынша, бәрі президент пен Қорғаныс министрінің мерзімді әскери қызметке шақыру туралы жарлығына сәйкес, заң аясында істелген.

Айта кетсек, кеше таңертең Қант зауыты ауданындағы колледждің емтихан тапсырып, әлі құжаттарын алмаған жігіттерін әскери қызметкерлер «Газельге» тиеп, военкоматқа алып кеткен. Оған ашуланған ата-аналар ресми түсініктеме беруді талап етті. Айтуларынша, балалары одан әрі оқуға барғысы келгенмен, әскерилер оған рұқсат бермеген көрінеді. Ата-аналар тіпті әскердегі қайғылы жағдайлардан кейін қорқып та қалыпты.

Менің жалғыз балам бар. Өзім қатерлі ісікке шалдыққанмын. Баламды әскерде өлтірмес үшін күн сайын жіберіп тұратын 5 мыңым жоқ, – дейді ата-аналардың бірі.

Алайда Жамбыл облысы қорғаныс департаментіне қарасты басқарма бастығының орынбасары Хасен Қарабаевтың айтуынша, оқу орындарында оқитын әскерге шақырылушылардың барлығы әскери есепте тұр.

«Олар туралы барлық мәліметтерді білеміз. Оқу орнын бітіргеннен кейін топ құрып, осындай жинау пунктіне жеткізуге мәжбүрміз.

Көбісі шақыру қағаздарын қабылдау мен тапсыруды елемейді. Сондай-ақ «Еgov» жүйесіндегі военкоматқа шақырту туралы SMS хабарламалар да назарға алынбайды.

Құрамына жергілікті полиция қызметі мен әскери комиссариаттардың қызметкерлері кіретін мобильді топтар әскерге шақырудан жалтарғандарды жиын орындарына жеткізуге хақылы», - дейді ол.

Бұл ретте әскери комиссариатқа жеткізілген жігіттер медициналық тексерістен өтіп, психологтармен, офицерлермен әңгімелескеннен кейін бөлімдерге таратылады. Сонымен қатар, әскерге қабылдау ЖОО-ға түсу жоспарлары болса да, тіпті ата-анасы арыз жазса да кейінге қалдырылмайды. Жалғыз себеп ЖОО-ға қабылданды деген құжат болуы мүмкін. Алайда оны көктемде әскерге қабылданғандар ала алмайды. 18 жастағы жігіттердің 5-11 маусымда соңғы емтихандарын тапсыратыны белгілі. Ал жоғары оқу орындарына талапкерлерді қабылдау 20 маусымнан кейін ғана басталады. Ал ЖОО-ға қабылдау шешімі одан да кейінірек шығады.

«Кез келген азамат әскери борышын өтегеннен кейін де таңдаған оқу орнына түсе алады», – дейді Хасен Қарабаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама