×

Атырауда су құбыры жарылып, екі ер адам қайтыс болды

Қайғылы оқиға Жұлдыз мөлтек ауданында болған

 Айнұр Асылбекқызы 19.06.2022 | 16:25
фото: дереккөз

18 маусым күні Атырауда Жұлдыз мөлтек ауданында үй жанында шұңқыр қазу кезінде су құбыры жарылып, топырақ астында қалған 22 және 32 жастағы екі ер адам қайтыс болды. Бұл туралы Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Жекеменшік үйдің ауласында жер қазу жұмыстары жүргізілген. Экскаватор тереңдігі 1,5 метр болатын траншея жасаған.

Сол кезде шұңқырға түскен үй иесінің 22 жастағы ұлы және 34 жастағы тағы бір туысқанының үстіне топырақ құлап, екеуі де көміліп қалған.

Оқиға орнына барған құтқарушылар арнайы техникамен екі ер адамның мәйітін алып шықты. Үйге психолог шақырылды. Ал полиция тергеу шараларын бастады.

Атырау облысы ПД қазір бұл оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы бойынша жарияланбайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама