Жаппай тәртіпсіздік: Қаза тапқан ІІМ қызметкерлерінің отбасына қандай көмек көрсетіледі
Көз жұмған қызметкерлердің отбасына арналған әлеуметтік кепілдіктер жайлы белгілі болды
2022 жылғы қаңтарда елімізде орын алған қылмыстық элементтер мен қарулы қақтығыстар салдарынан ішкі істер органдарының сегіз қызметкері және Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қаза болды.
Бұл – олардың отбасылары мен ішкі істер министрлігінің әрбір қызметкері үшін орны толмас шығын. Олардың есімдері батырлар жылнамасына мәңгі енгізіліп, Қазақстан құқық қорғау органының қайғылы тарихына алтын әріппен жазылады. Олардың есімі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Қызметтік борышын атқару кезінде мерт болған қызметкерлердің бірде-бір отбасы мен балалары біздің назарымыздан тыс қалмайды, – деді ведомство.
Соңғы демі біткенше борышы мен антына адалдық танытқан сегіз қызметкердің әрқайсысы қайтыс болғаннан кейін Президент жарлығымен мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Сонымен қатар «Құқық қорғау қызметі туралы» заңның 66-бабы бойынша қаза тапқан қызметкерлердің отбасына әлеуметтік кепілдіктер көзделген.
Оның ішінде, көз жұмған адамның отбасына қызметтік міндеттерін атқару кезінде 60 айлық ақшалай қаражаты мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
Қызметкердің балаларына кәмелетке толғанға дейін Үкімет белгілеген тәртіппен медициналық және санаторий-курорттық қызметті пайдалану құқығы сақталады.
Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза болған қызметкерлердің балалары әскери мектеп-интернаттарға және кадет корпустарына конкурстан тыс қабылдану құқығын пайдаланады. Сондай-ақ оқуға түсушілер үшін белгіленген талаптар бойынша балдың шекті деңгейін жинаса, құқық қорғау органының білім беру ұйымдарына конкурстан тыс қабылданады.
Бұнымен қоса ІІМ басшылығы Білім және ғылым министрлігімен әрі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, оқу процестері және тұрғын үй мәселесі бойынша бірқатар жеңілдік жасау мәселесін пысықтап жатыр.
Атап өтсек, 2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты.
Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Мемлекет басшысы Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше ел басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Қасым-Жомарт Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты.
Оқиға салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары, оның ішінде ішкі істер министрлігі қызметкерлері зардап шегіп, мерт болды.