Психолог Ержан Мырзабаев әйелін ұратын «тирандарды» ешқашан ақтауға болмайтынын айтады
Елордадағы Umit дағдарыс орталығын қиын жағдайға тап болған жандар паналап жүр. Біреуі күйеуінен, енді бірі туған әкесінен қорлық көрген. 22 жастағы Шынар Байділдә - үшінші топтағы мүгедектігі бар жан. Күйеуі бала көтерген соң тастып кеткен. Төркініне барғанда туған әкесі де теріс айналып, тепкінің астына алыпты. Ал көпбалалы ана Жәмилә Арыстанбек болса, «асып өлтіремін» деген күйеуінен әрең қашып құтылған. 19 жыл бойы көрсеткен қорлығына тек балалары үшін төзгенін айтып отыр. Halyq Uni тілшісі Umit дағдарыс орталығын уақытша паналап жүрген бірқатар келіншектің мұңын тыңдап қайтты.
Шынар бала кезінен зорлық-зомбылық көріп өскен. Әкесі ішімдік ішуін тоқтатқалы қит етсе анасына, бауырларына қол көтеруді шығарған. Жай шапалақ емес - аяусыз соққы, езгі. Талай рет тепкінің астына алып, аузына келгенін айтатын екен. Сол соққылардан кейін анасының құлағы дұрыс естімей қалған. Ал тұрмысқа шыққан әпкелері төркініне келуге қорқады. Қорлықтан құтылудың жолы тұрмысқа шығу деп ойлаған Шынар дұрыс танымайтын, жас айырмашылығы үлкен жігіттің соңынан ерген.
«МҮГЕДЕКТІК СОРЫМ БОЛДЫ»
«Әлеуметтік желі арқылы өзімнен 14 жас үлкен жігітпен таныстым. Көп уақыт өтпей алып қашты. Әкем ғана емес, бүкіл туғаным менен теріс айналды. Анам шыдайды, қанша рет ажырасыңыз десек те, тыңдамайды. Күйеуіме денсаулығымда бар кінәраттың бәрін айтып түсіндірдім. Ешқашан тастамаймын деп уәде берген. Бірақ басыма іс түскенде құрсағымдағы баламмен жолда қалдырды. Қайта үйге барғанымда әкем қабылдамады», - дейді Ш.Байділдә.
Арада 1,5 жыл өткенде - бала көтергенде дәрігерлер босануға болмайтынын айтыпты. Бала жарымжан болып туылуы мүмкін екенін, ала анасы толғақты көтере алмайтынын жеткізген. Сонда күйеуі жауапкершіліктен қашып, баласы екеуінен бас тартқан.
«Әкем қатты ұрғаннан кейін полиция шақырдық. Тағы қайталаса түрмеге отырады. Мен тек өзгергенін қалаймын. Себебі марқұм әжем қайтыс болар алдында маған: «Анаң саған аманат», деген еді. Соны есіме алсам көзімнен жас арылмайды. Бір басымда қаншама мәселе бар. Күйеуім, әкем ғана емес. Бір әпкем мені арықтатамын деп жегім келмейтінді жегізді. Мен ұнатпайтын киімдерді кигізді. Ал жұмыста мүгедектігіме байланысты шеттетеді. Жұмысқа тыныс арқылы алады. Алса да, істей алмаймын деп ойлайды. Қанша тырысып бақсам да, басшыларға жақпаймын. Себебі денсаулығымдағы кінәрат сорым болды», - деп ашынады Шынар.
«КҮЙЕУІМ ТАМАҒЫМА ПЫШАҚ ТАҚАДЫ»
Тағы бір кейіпкеріміз Жәмилә да 39 жылын қорлықпен өткізіпті. Көпбалалы ана осы уақыт аралығында балалары үшін төзіп келгенін басты қателігі деп санайды.
«Мені де алып қашқан. Араға үлкендер түскен соң қаламын деп шештім. Екеуміз де жоғары білімдіміз. Ол әскери салада басшылық қызметте болды. Кейін үстінен іс қозғалып, жұмыссыз қалды. Одан кейін жұмыс істеген емес. Мен несие алып, жер алып бердім. Соны жалға беріп, ақша табар дедім, бірақ саусағын да қимылдатқан жоқ. Жұмысқа шақырады, бірақ істегісі келмейді. Содан кейін бар ойы менің жүріс-тұрысым болды. Аңдығаны – мен. Үйге келгенде болмайтын нәрседен ұрыс шығарады, артынан ұрады, тебеді. Шашымнан сүйрейді, қолына не түссе, соны лақтырады. Төркініммен араластырмайды. Барып келсем, аузына келгенін айтып балағаттайтын», - дейді Жәмилә Арыстанбек.
Жәмила бұған дейін де бірнеше рет үйінен кеткен екен. Алайда қайынжұртынан үлкендер келгенде күйеуі өзгерер деген ниетпен үйіне қайта оралады. Тіпті, көзімше үйіне ойнастарын әкелгенде де кешіргенін айтып отыр.
«Көзіме шөп салып келді. Олар туралы әлдене десем, ашуланып маған қол көтеретін. Не жақын тартпайды, не жібермейді. Мүмкін ол «ажырасқан» деген сөзді естігісі келмеген болар. Ең соңғысында маған пышақ ала жүгірді. Тамағыма пышақ тақағанда, қорғансыздар осылай өледі екен-ау деп ойладым. Бірақ араға балаларым түсіп, аман қалдым. Одан кейін жоспарлы түрде үш баламды алып, Шымкенттен астанаға қаштым. Үлкен қызым колледжде оқитын. Оған мен туралы жаман айтып, ойын улап тастапты», - деп көзіне жас алды ол.
Жәмиланың орталыққа келгеніне көп болмаған. Заңгердің көмегімен ажырасуға арыз беріпті.
Психолог Ержан Мырзабаев әйелін ұратын «тирандарды» ешқашан ақтауға болмайтынын айтады.
«Ұру – саналы түрде жасалатын әрекет. Мәселен, ол қанша ашуланса да, бастығын я жұмыстағы әріптесін ұрмайды ғой. Бірақ әйеліне қол көтереді. «Ашулы болды», «өзім соған итермеледім» деу – қателік. Өмірінде бір рет байқамай ұрып жіберуі мүмкін. Міне сол кезде екінші ұрмайтындай өкіндіруі керек. Ал егер көнсеңіз, кешірсеңіз, агрессор күшіне мінеді. Оның сізге қол көтеруі жалғаса береді. Олардың өзгеруі қиын, психологтың көмегімен ғана емделе алады. Немесе өмірден қатты таяқ жегеннен кейін түзелуі мүмкін», - деді маман.
Сонымен қатар психолог «шыда, түзеледі, бәрі жақсы болады» дейтін үлкендерді сынға алды. Себебі, адам кейін емес, бүгін бақытты болуға ұмтылу керек. Қаншама қазақ әйелдері зорлық-зомбылыққа төзіп келеді. Нәтижесі мың бір түрлі ауру. Екінші, қорлықтан қашқан әйелдерді «отбасын бұзушы» ретінде көру – біздің қоғамның басты дерт.
«Зорлық-зомбылықтың соңы ешқашан жақсылықпен бітпейді. Агрессорлардан оқшаулану керек. Түбі бақытты боламыз деп, тепкіге көніп келген қаншама адам 50 жасқа жетпей өмірден өтіп кетіп жатыр. Оны тоқтатудың жолы – ажырасу. Балалар үшін төзсеңіз, қателік. Себебі ажырасқанда бала бір рет психологиялық жарақат алады. Ал озбырмен бірге өмір сүрген 19 жылда қаншама психологиялық жарақат алды. Сондықтан ондай адамдардан құтылып, сіз өзіңізді де, балаларыңызды да зорлық-зомбылықтан құтқарасыз», - деді Ержан Мырзабаев.
«СІЗ - ӘКЕ ЕМЕССІЗ!»
Психолог әке болу жауапкершілігі бала туғанан соң басталатынын айтып отыр.
«Тоғыз айдан кейін бала туғанда әкесімін деп айту - қате пікір. Ол статусқа лайық болу үшін еңбектену керек. Ал енді «мен - сенің әкеңмін» деп ұрып-соғатын болса, жан жылуын бермесе, ол әкеңізден де алыс адам. Ондай адамның түзелуі қиын. Алыстаңыз, сол кезде ойланады. Тағы қайталаймын, зорлық-зомбылықтың соңы ешқашан жақсылықпен тынбайды. Жас қыздар жігіт таңдағанда да «тиран» жігіттерден қашыңыздар. Өзінің ауру екенін түсініп, психологқа барады», - деп түсіндірді маман.
Umit орталығы үміті үзілгелі тұрған жандарға пана болып, қайта еңсесін тіктеуге көмектесіп отыр. Психологтар жан жарасын емдесе, заңгерлер құжаттарын реттеп, ажырасуға немесе алимент өндіруге арыз береді. Баспана кезегіне тұрғызып, жәрдемақы алуға жәрдемдеседі. Орталықтағы әрбір жанның оқиғасын көзге жас алмай тыңдау мүмкін емес.