Алматыда мемлекетке қарызы бар жүргізушілердің көлігі жаппай тәркілене бастады
Алматы қаласының жүргізушілері мемлекетке 5 миллиард теңге қарыз
Салықшылар мен сот орындаушылар берешегі бар азаматтардың көлігін жаппай тәркілей бастады, деп мәлімдеді Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, акцияның мақсаты автокөлік иелерінен салық берешегін мәжбүрлі түрде өндіріп алу.
Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті қалалық полиция департаменті және жеке сот орындаушыларымен бірлесе рейдтік іс-шаралар өткізеді.
Рейд барысында берешегі бар борышкерлердің автокөліктері «Сергек» бейнекамералары арқылы анықталып, берешек толық өтелгенше айыппұл тұрағына қойылады. Екі сағат жұмыс ішінде 11 млн теңге қарызы бар оннан астам көлік айыппұл тұрағына қойылды.
Бүгінде мегаполисте көлік құралдарына салынатын салық бойынша берешек 5 млрд теңгеден астам. Бұл ретте соманың негізгі бөлігі қозғалтқыш көлемі 4 мың текше см-ден асатын көлік иелеріне тиесілі. Салық берешегін «е-Salyq Azamat» мобильдік қосымшасы, Екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары, мемлекеттік кірістер комитетінің www.kgd.gov.kz интернет-ресурсында немесе 1414/3 бірыңғай байланыс орталығы арқылы тексеріп, төлеуге болады, - делінеді хабарламада.
Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті автокөлік иелерін қолайсыз жағдай мен сот орындаушылары және айыппұл тұрағының қызметіне шығынданбас үшін салық берешектерін уақытылы өтеуге шақырды.