×

2 млн-ға жуық оқушылар жазғы мектепте білім алды

Оқу негізгі пәндер бойынша ұйымдастырылды

 Динара Амантай 17.06.2022 | 18:01
Фото: Halyq Uni

Қазақстандық оқушылар жазғы мектептердегі оқуын аяқтады. Онда 2 млн-ға жуық бала қосымша білім алды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жазғы мектептердің жұмысы 26 мамыр мен 17 маусым аралығында ұйымдастырылған еді. Бұл оқушылардың білімдерін нығайтып, олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндік берді. Жазғы мектепке бітіруші, яғни 9, 11-сынып оқушыларынан басқа барлық оқушы ерікті түрде қатысты.

3,6 млн оқушының 2 млн-ға жуығы жазғы мектепте білім алды. Балалар мен олардың ата-аналарының қалауы бойынша 38 мыңнан астам оқушыға жеке пәндер бойынша сабақтар ұйымдастырылды. Балаларды ынталандыру мақсатында сабақ стандартты формада емес, бағалаусыз өткенін де атап өткен жөн. Оқу кестесіне музейлерге саяхат, экскурсиялар, іскерлік ойындар, шеберлік сабақтары, фильмдер мен мультфильмдерді талқылау кірді. Кітап клубтары, дискуссиялар, стратегиялық сессиялар, дебаттар және басқа да форматта сабақтар ұйымдастырылды, – деп мәлімдеді Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Ведомствоның мәліметінше, жазғы мектептің қорытындысы бойынша ата-аналар аталмыш бағдарламаға байланысты оң баға берген. Оқушылар сабақтарға дүйсенбіден жұмаға дейін қатысты. Оқу «Математика», «Қазақ тілі», «Ағылшын тілі», «Физика», «Химия» және т.б. негізгі пәндер бойынша өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама