Елордада екі күнде 2,5 млн теңге «жасаған» такси жүргізушісі ұсталды
Оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр
Нұр-Сұлтан қаласында такси жүргізушісі жалға алған көліктерден катализатор ұрлап, такси компаниясын 2,5 миллион теңгеге шығынға батырған. Бұл туралы бүгін қалалық полиция департаменті хабарлады.
Сарыарқа аудандық полиция бөліміне «Смарт такси» ЖШС-нің басшысы арызданған. Оның айтуынша, «Chevrolet Cobalt» маркалы көліктерден катализаторлар ұрланыпты.
Содан криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 39 жастағы қала тұрғынын ұстады. Ол ұрлаған әр катализатордың бағасы – 830 мың теңге.
Күдікті екі күннің ішінде көліктерді техникалық қызмет көрсету орталықтарына апарып, автомеханиктерге катализаторларды ақыға кескізіп алған. Сосын бәрін металды қабылдау орнына төмен бағамен өткізген, - дейді полицейлер.
Қазір сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Күдікті өз кінәсін мойындады. Оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Еске сала кетсек, Қылмыстық кодекстің 188-бабы («Ұрлық, бірнеше рет жасалған әрекет») бойынша 2 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ кінәлі адамның мүлкi тәркiленеді.