Белгісіз біреулер Алматыдағы мәйітханадан 41 адамның денесін ұрлап әкеткен
Мәйітханаға жеті шабуыл жасалған
Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов шаһардағы тәртіпсіздіктер барысында лаңкестер 1347 қару ұрлағанын айтты. Айтуынша, лаңкестер бір мезгілде қаланың әр жерінде патрульдік жасақтарға шабуылдай бастаған.
Лаңкестердің басқа топтары бір уақытта қару-жарақ дүкендерін басып алды. Олар сол жерден қару-жарақ пен оқ-дәріні иемденді. Барлығы бүгінгі таңда 1347 қару ұрланған. Оның ішінде 501 мылтық, 807-сі тегіс ұңғылы және 39 газ-травматикалық қару. Осының барлығы нақты ұйымдастырылған. Олардың іс-әрекеті топ жетекшілерімен үйлестірілді, - деді департамент басшысы.
Одан бөлек, Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Полиция департаментінің ғимаратын басып алуға 27 рет әрекет жасалған.
Қаңтардың 5-інен 6-сына қараған түні содырлардың Полиция департаментінің, Алмалы, Жетісу, Әуезов, Бостандық аудандық бөлімшелерін және жергілікті полиция қызметінің ғимаратын қарулы топ басып алуға әрекеттенді. Осыған байланысты ғимаратты қорғау және әскери қарудың ұрланбауы үшін шабуыл жасағандарға оқ атылды. Мен өзім Полиция департаментінде болдым. Ғимаратты басып алу үшін 27 рет шабуыл жасағанын санадық. Қылмыскерлер техниканы, джиптер мен КамАз көліктерін қолданды, - деді Қанат Таймерденов.
Таймерденовтың мәліметінше, Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде лаңкестер арасында снайпер болған. Сондай-ақ, Полиция департаментінің ғимаратын басып алуға лаңкестер 27 рет әрекет жасады.
356 КӨЛІК ЗАҚЫМДАНДЫ ЖӘНЕ ЖОЙЫЛДЫ
Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде 356 көлік зақымданды және жойылды, оның ішінде полицияға тиесілі 163 қызметтік көлік бар.
Шабуылдарды қару-жарақ пен ұрыс әдістерін меңгерген, кәсіби дайындалған адамдар жасаған. Түнде олар осал жерлерді іздеді. Бұл ретте олар қаза болғандар мен жаралыларды қалдырмай, өздерімен бірге алып кеткен. Бұл күндері мәйітханаға жеті шабуыл жасалды, оның барысында қайтыс болғандардың 41 мәйітін белгісіз адамдар ұрлап әкетті, - деді ПД бастығы Қанат Таймерденов.
Полиция департаменті басшысының айтуынша, Алматыда 149 азамат қаза тапқан.
Алматыдағы бүлік пен террористік шабуылға қатысты 405 қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады қаланың прокуроры Берік Жүйріктаев.
Қазіргі күні құқық қорғау органдары 405 қылмыстық істі тергеп жатыыр. Сот санкциясымен 249 адам қамауға алынды. Қалада бүлікшілер кесірінен екі мыңнан аса нысанға зақым келді. Біз бизнеске тезірік қалпына келтіру жұмыстарына кірісу керек екендігін түсінеміз. Сондықтан тергеушілер нысандарды жақын арада аралауды аяқтайды, - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, кеше, 15 қаңтар күні тікелей эфирге шыққан Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің басшысы Серік Шалабаев Қазақстандағы қақтығыстар кезінде мәйітханаларға 225 адамның денесі жеткізілгенін хабарлаған еді.
Елімізде жаппай тәртіпсіздік кезінде 4578 адам зардап шеккен. Мәйітханаларға 225 адамның денесі жеткізілген: оның ішінде 19 адам - құқық қорғау органдарының қызметкерлері, - деп мәлім етті.