Ақпараттық қауіпсіздік мәселесін де назардан тыс қалдырмау керек
Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов өзінің Құрылтайда сөйлеген сөзін Facebook-тегі парақшасына жариялады. Жиын барысында ол билікке бірнеше ұсыныс жасаған. Біз соның ішінен біреуін ықшамдап беруді жөн көрдік.
«Сіз бастаған «Еститін мемлекет» концепциясы толық жұмыс жасау үшін халықтың мұңы мен мұқтажы, даты мен дауысы билікке арыз-шағымсыз жететін құрылтайдан басқа да жүйелер қажет. Заманауи демократияларда бұл жүкті бұқаралық ақпарат құралдары алып жүр. Бұл мақсатта, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, «Хабар» және «Қазақстан» арналарын қоғамдық телекорпорацияларға айналдыру қажет деп ойлаймын. Олардың басты мақсаты – ағарту болып, Директорлар кеңесіне зиялы қауым өкілдерімен қатар, озық елдерде білім алып, еңбек еткен жастарды да қосқан абзал болар еді», - дейді ол.
Сондай-ақ ол әлемге қазақтың көзімен қарау үшін осы арналардың жаһанның әр аймағында тілшілер ұстап, сол елдердегі қазақстандық жастардың да әлеуетін пайдаланғаны жөн екенін ескертті. Одан бөлек, ақпараттық қауіпсіздік мәселесін де назардан тыс қалдырмау керек деп есептейді.
«Біз бейбіт саясат мемлекетіміз. Пандемия денсаулықтың, ал қасіретті қаңтар мен Украинадағы соғыс бейбітшіліктің қадірін терең түсіндірді. Сол себепті, Конституциямызға сәйкес, қай елден таратылса да соғыс пен жауыздықты, ұлт пен мемлекетаралық өшпенділікті дәріптейтін телехабарларға Қазақстан аймағында тыйым салынуы қажет», - деп түйіндеді бұл тақырыптағы сөзін.
Оған қоса ағымдық саясаттағы пікір алуандығы – демократияның шарты екенін айта келіп, ішкі саясатта ешкімді өзектен теппей, өңменінен итермей тәрбиелеу, ағарту, қажет болғанда көзі ашықтың көкірегін ояту, көкірегі ояудың көзін ашу – ортақ парызымыз екенін жеткізді.
«Жетістікті көрмеу – соқырлық, кемшілікті көрмеу – жаны ашымағандық». Сондықтан ағымдық саясатта әр саладағы кемшілікті айтқандарға жанашыр ретінде қарау – «еститін мемлекет» мәдениетінің сипаты болуы тиіс», - деген пікірде Әлихан Байменов.