×

«Өз үйімізден өзіміз жерінеміз». Павлодар тұрғындары шошқа фермасын көшіру бойынша ультиматум қойды

Жағымсыз иістен мезі болған тұрғындар әкімдік пен компания өкілдеріне тамыз айына дейін уақыт берді

 Данияр Айтпайұлы 17.06.2022 | 14:50
фото: Halyq Uni

Павлодарда ауыл тұрғындары елді мекен іргесінде орналасқан шошқа фермасына қатысты жергілікті билікке 10 жылдан бері шағым айтып келеді. Жағымсыз иістен арыла алмай қойған тұрғындар әкім-қаралардан еш әрекет жоғын айтады. Енді ауыл халқы ферманы көшіруді талап етуде.

Осыдан он жыл бұрын облыс орталығынан шамамен он шақырым жерде орналасқан - Павлодар ауылының дәл іргесінде «Рубиком» ЖШС шошқа фермасын іске қосқан. Содан бері тұрғындарға маза жоқ. Онымен қоймай, биыл алпауыт компания аталған фермасын кеңейтуді жоспарлап отырған көрінеді. Жағымсыз иістен мезі болған бұқара шаруашылықтың кеңеюі былай тұрсын, мүлдем көшірілуін талап етіп отыр.

Ауылымызды мекен ететін мыңдаған адамның өмірі тозаққа айналды. Өз үйімізден өзіміз жерінетін болдық. Есік-тереземізді аша алмаймыз. Жуған киімдерді аулаға жая алмаймыз. Иісі үстімізге де сіңіп кетеді. Кейде үйде ұйықтау мүмкін болмай кетеді, - дейді Павлодар ауылының тұрғыны Әлия Ахметова.

Павлодарлықтар компания өкілдері тұрғындардың шағымына құлақ аспайтынын жеткізді. Қазір шаруашылық иелері ферманы қайта жөндеуден өткізіп, компанияның өрісін кеңейтпек екен. Ол үшін кәсіпорын ауылда қоғамдық тыңдау өткізіп, халықтың рұқсатын алуға міндетті. Алайда жергілікті халық компанияның бұл бастамасына үзілді-кесілді қарсы екенін жеткізді.

Жалпы, ауыл тұрғындары мәселесін айтып, талай табалдырықты тоздырған. Нәтиже болмапты. Билік нақты әрекетке көшпегендіктен, тұрғындар бұл мәселені өз қолына алуды шешкен. Осылайша, ауыл тұрғындары «Рубиком» компаниясын көшіру туралы ресми ұсыныс жасаған.

Ал «Рубиком» ЖШС басшылығы фермаға күрделі жөндеу жүргізіп, жағымсыз иісті жоямыз деп ақталып әлек. Алайда, халық бұған сенбейді.

«Біз ферманы кеңейтпейміз. Жануар басын көбейту көзделмеген. Тек қайта жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде бұл жерден шығатын қалдық 100% өңделеді. Яғни, жағымсыз иіс те болмайды», - дейді «Рубмиком» ЖШС директоры Дмитрий Мерзонов.

Ауыл халқы шошқа фермасын қайткен күнде де көшіруді талап етіп отыр. Тиісті шешім қабылдауға кәсіпорын басшылығы мен жергілікті әкімдікке тамыз айына дейін уақыт берді. Тұрғындар «талабымыз орындатқызбай қоймаймыз» деп бекініп отыр.

Тақырыпқа тұздық:

«Рубиком» ЖШС Павлодар облысы бойынша ет өндіретін ең үлкен кәсіпорындардың алдыңғы қатарынан саналады. Серіктестік 60 мыңға жуық шошқа өсіреді. Аймақта бұл серіктестікке қатысты дау алғаш рет туындап тұрған жоқ. Аймақтың киелі жерлер картасына енген, елімізге белгілі халық емшісі, марқұм Үміт апаның атын арқалаған ауыл маңында шошқа өндірісін дамытуды жоспарлап, тағы да тұрғындардың наразылығына тап болған еді. Жұртшылық «Үміт апа жерленген киелі жерді талпақтанауға таптатпаймыз» деп қарсы шықты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама