×

Қаңтардағы бүлік кезінде қанша адам қаза тапқаны айтылды

Жалпы қанша азаматтың зардап шеккені де белгілі болды

 Халық үні 15.01.2022 | 21:20
коллаж: halyq-uni.kz

Бас прокуратура мәліметінше, елімізде жаппай тәртіпсіздік кезінде 4578 адам зардап шекті. Жарақат алғандар саны - 4353. Оның ішінде 3393 адам құқық қорғау органдарының қызметкері.

Мәйітханаға 225 адамның денесі жеткізілді. Оның арасында әскери қызметкерлер мен полиция өкілдерінен 19 адам бар, – дейді ведомство.

Тергеу жедел топтары 546 қылмыстық істі тергеп жатыр. Оның ішінде 44-і терроризм актілері, 34-і жаппай тәртіпсіздік, 15-і адам өлтіру бойынша қозғалды.

Елдегі оқиғалар кезінде уақытша ұстау изоляторларына қылмыс жасады деген күдікпен 672 адам ұсталды. Оның 446-сы сот санкциясымен қамауға алынды. Құжаттарды тексергеннен кейін және ұстауға негіз болмағандықтан 100-ден астам адам босатылды.

Қазір Прокуратураға құқық қорғау органдарының әрекетіне 32 арыз келіп түсті. Егер азаматтар өз құқықтары бұзылды деп есептесе, Бас прокуратураға 115 нөмірі бойынша немесе тікелей аумақтық прокуратураларға хабарласа алады.

Ал Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, төтенше жағдай енгізілген сәттен бастап 2678 адамға медициналық көмек көрсетілді. Амбулаториялық көмекке - 1815 адам, стационарлық емдеуге - 863 адам жүгінді. Қазір 598 пациент үйге шығарылды.

265 адам емдеуді жалғастыруда. 67 науқас ауыр халде реанимацияда жатыр. 500-ден астамына күрделі хирургиялық операция жасалды. Көз жұмған 225 науқастың 175-і медициналық ұйымдарда мерт болды, – дейді ДСМ.

Жаппай тәртіпсіздік барысында денсаулық сақтау обьектілеріне 20 шабуыл жасалды. 7 медицина қызметкері зардап шекті. Олардың бесеуі Алматыда, біреуі Шымкентте, біреуі Алматы облысында тіркелді.

Атап өтсек, 2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты.

Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Қасым-Жомарт Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама