×

«Пәлен жерде алтын бар». Маралды тұрғындары базынасын айту үшін Ақорда алдына жиналды

Күршім ауданында жеке компаниялар тұмса табиғаты бар жерден алтын қазуға кірісіп кетті

 Ая Өміртай 17.06.2022 | 13:36
фото: Halyq Uni

Олар аймақтың экожүйесіне зиян келіп, орны толмас залал әкеледі деп алаңдайды. Маралды ауылының он шақты тұрғыны Ақорданың алдына жиналды. Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың қабылдауына кіріп, аталған мәселені жеткізгісі келгенін айтады. Алайда Ұлытауда өтіп жатқан құрылтайға байланысты бірнеше күн күтуге мәжбүр болған.

«АУЫЛДЫ ШАҢ БАСЫП, ТҰРҒЫНДАР ҮЙДЕН ШЫҒА АЛМАЙ ОТЫР»

«Маралды ауылының аманатын арқалап астанаға келдік. Жеке меншік компаниялар халықтың қарсылығына қарамастан, ауыл іргесінен фабрика салып, алтын өндірмекші. Халық қарсы шыққан соң әзірге жұмыстарын тоқтатты. Күршім өзенінің басында тұрған Құйған ауылынан бастап 10 ауыл түгел қарсы екендіктерін айтып, қол қойып берді. Біз болашаққа не қалдырамыз? Табиғатты аман-есен сақтап, өткізуіміз керек. Біздің жеріміз туризмге дайын тұрған, мұрты бұзылмаған аймақ», дейді ауыл тұрғыны Нұрбек Байтұрсынов.

Оның айтуынша, алтын өндіруші компаниялар ауылдан небәрі 500 метр қашықта тау төбесін тегістеп, қазу жұмыстарын бастап кеткен. Осының салдарынан етектегі ауылды шаң-тозаң басып, тұрғындар үйден шыға алмай қалыпты.

«Егер компаниялар жұмысын жалғастыра беретін болса, солтүстік-батыстан соққан желден ауыл түгел шаңның астында қалады. Халыққа алтынның керегі жоқ. Алтын қазушылар өз пайдасы үшін мың жылдан бері қоныстанған тұтас ауылды құртқалы отыр. Осындай тағдыры үшін ауыл тұрғындары жиналып, Өскеменге де бардық. Бірақ ол жақтың журналистері облыс әкімдігінен қорқып, жазбайды. Бір күндік өмірі үшін әркімнен бір қорқып отырса, демократия да, жаңа Қазақстан да болмайды. Осында келгенде депутат Ерлан Саировқа жолығуға келдік. Президентке кіру қиын шығар. Бүгін қабылдауы керек еді, құрылтайға кеткен екен», дейді ол.

АЛТЫНДЫ АШЫҚ ӘДІСПЕН АЛУ ТАБИҒАТҚА ДА, АДАМҒА ДА ЗИЯН

Маралды ауылында алтын өндіру фабрикасын құрып жатқан компаниялардың қатарында «Маралиха» ЖШС, «Маралиха Голд» ЖШС, «BCAM Prodaction» ЖШС атты үш кәсіпорынның аты аталады. Соңғы төрт айда алтын өндіру фабрикасын ашу бойынша 4 рет қоғамдық тыңдау ауыл тұрғындарының бір ауыздан қарсылығымен аяқталған. Алайда кәсіпорын басшылығы карьер жұмыстарын жүргізуді әлі де тоқтатпай отыр.

Аталған компанияның бірінде геолог болып жұмыс істеген Бақытжан Тоқан осы кикілжіңдерден соң жұмыстан шығуына тура келген. Ол алтынды ашық әдіспен өндіру принципі табиғатқа да, адам денсаулығына да аса зиянды екенін алға тартып отыр.

«Руданы ыдыратуға қажетті натрий цианиді сияқты химиялық заттарды қолданудың зиянды тұстары көп. Улы зат. Ағын сулар арқылы адам мен жан-жануарлардың ағзасына түсетін болса, зардабы оңай болмайды. Аталған компаниялардың ауылымыздың іргесін қопарып, ойрандауына аудан және окург азаматтары түгел қарсымыз. Себебі, ауылымыздың маңайынан жайылым жерді тарылтып қана қоймай, экожүйеге орасан зиян келтіріп отыр», дейді геолог Halyq Uni тілшісіне берген сұхбатында.

АУЫЛДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ КӨПІР ҚИРАП ҚАЛУЫ МҮМКІН

Тұрғындардың айтуынша, алтын өндірушілер Күршім өзеніне салынған жалғыз көпір арқылы 11 БЕЛАЗ автокөлігін, 2 бульдозер, 4 жүк тиегіш, 4 ашық экскаваторды айдап өтпек болған. Осылайша Маралды ауылынан шығуға болатын стратегиялық және жалғыз көпір қирап қала ма деп қауіптенеді.

«Бұрын көпірде 20 тоннадан аспайтын көліктерді өткізуге рұқсат етілгені туралы белгі болған. Құрылыс басталған бір түннің ішінде 70 тоннаға дейін жүк өткізуге болады деп өзгеріп тастапты. Осыдан соң «ОблШығысЖол» ЖШС-нің қарамағындағы ауыр жүкті көліктері көпірден сәтті өтіп, құрылыс басына жеткізілген. Ал Қойтас пен Қыстау-Күршім ауылдарындағы 5 тонналық кішкентай көпірлерден қалай өткені белгісіз. Ауыр техникалар жай жолдың өзін құртып тастайды. Күнкөріс күннен күнге қиындап барады», дейді ауыл тұрғындарының бірі Мейірхат Смағұлов.

«ОЛИГАРХТАРДЫҢ» ЭКСПАНСИЯСЫНА ҚАРСЫМЫЗ»

Ауыл тұрғындарындары облыс басшысы Даниал Ахметовтің өзі заңсыз жұмыс істеп отырған компанияларға рұқсат беріп отыр ма деп күмәнданады. Өйткені олар бірнеше мәрте облыс әкімдігіне қарсылықтарын айтқанымен, әкімдік құлақ аспаған.

«Олардан (компаниялардан – ред.) ауылдың әкімі, ауданның әкімі қорқады. Даниял Ахметовтің өзі де ішінде бар ма деп ойлаймыз. Жаңа Қазақстанда қаншама коррупция қылмыстары ашылып жатыр. Бұл жағдай да соның жалғасы ма деген күмән бар. Сондықтан Маралды және бүкіл Күршім аймағына алтын өндіретін зауыттар мен карьерлерді салудағы «олигархтардың» экспансиясына үзілді-кесілді қарсымыз», деген ол мәселеге Президент пен депутаттардың назар аударуын сұрайды.

Қазір Күршім аумағына алтын кен өндіру зауыттарын салуға қарсы 650 тұрғын қол жинаған. Бүгінде Маралды ауылында 130-ға жуық отбасы бар. Тұрғындардың дені мал, егін, омарта шаруашылығымен айналысып, күн көреді.

Былтыр дәл осы Күршім ауданындағы Қалжыр өзенін ластаған заңсыз алтын өндірушілерді президент Тоқаев егжей-тегжейлі тексеріп, кінәлілерді жауапкершілікке тарту туралы тапсырма берген еді. Күршім ауданының №2 аудандық соты мен ШҚО Экология департаментінің шешімімен кәсіпкерлерге жалпы сомасы жарты миллион теңгеден астам айыппұл салынып, кен өндіруге берілген лицензиялары кері қайтарылған болатын.

 «Маралды ауылы аймағында 4 мың га астық егетін егістік болған. 50-60 мың қой, 3 мыңдай жылқы, сиыр бағылатын. Ауыл егін шаруашылығы мен мал шаруашылығымен айналысатын. 530 үйден қазір 128 үй қалды. Сондықтан ауыл тұрғындарын үйренген кәсібінен айырмаса деген талабымыз бар», деді Нұрбек Байтұрсынов.

Айта кетелік, жуырда «Бурабай» ұлттық табиғи паркі мен Марқакөл табиғи қорығы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік биосфералық резерваттар тізіміне қосылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама