×

Министр су мәселесін шешу үшін бірыңғай оператор құруды ұсынды

Бұл Қазақстандағы су шаруашылығы саласын ретке келтіруге мүмкіндік береді

 Дәурен Ерболат 17.06.2022 | 13:31
Фото: inbusiness.kz

Елді мекендерде сумен жабдықтау жөніндегі бірыңғай оператор құру керек. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ауылдардағы су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы – 43,9 мың шақырым. Оның 6,3 мың шақырымы ауыстыруды талап етеді.

«Республика бойынша жұмыс істеп тұрған сумен жабдықтау жүйелері 40-50 жыл бұрын салынған. Онда технологиялық жүйелердің тозуы, техникалық жағдайының нашарлығы, сондай-ақ жиі болып тұратын апаттар мен тазарту құрылыстарының тиімсіз жұмысы байқалып отыр», - деді министр Мәжілістегі парламенттік тыңдауда.

Оның пікірінше, су құбыры желілерінің тозуы мамандандырылған кәсіпорындардың болмауы мен коммуналдық кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасының әлсіздігімен байланысты.

«Салынған су құбыры желілері әкімдіктердің теңгерімінде қалады немесе білікті мамандары мен арнайы техникасы жоқ бейінді емес кәсіпорындарға беріледі», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Министр еліміздегі су мәселесін шешу үшін бірыңғай оператор құру керек деген ұстанымда.

Бүгін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов атап өткендей, бұл салада бірыңғай оператор құрған дұрыс. Өйткені салынып жатқан желілердің сапасы төмендеп кетеді. Бұл нысандарға қарайтын білікті мамандар да тапшы. Сондықтан осы мәселені маңызды, - деді министр.

Айта кетейік, осыған дейін Мәжіліс төрағасы елді мекендерде сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін пайдалану, жобалау, салу және реконструкциялау жөніндегі бірыңғай оператор құру керектігін айтқан болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама