Оқиға 30 мамырда болған еді
30 мамырда кешкі сағат 5-тер шамасында Қосшы қаласындағы 17 үйдің ойын алаңында 9 жастағы екі мектеп оқушысы шекісіп қалып, оған балалардың бірінің әкесі араласып, ұлын «ренжіткен» оқушыны аяусыз ұрып-соққаны айтылды. Куәгерлердің айтуынша, 40 жастағы ер адам алдымен балаға жұдырық жұмсап, артынан оның басын асфальтқа ұра бастаған. Соның салдарынан баланың денесі көгеріп, тістері сынып, аузынан қан кеткен. Көзінің асты қатты көгеріп қалған.
Арада 20 күнге жуық уақыт өткен соң сараптама қорытындысы шыққан. Бұл туралы оқушының анасы BaigeNews.kz тілшілеріне айтып берген.
Оқушының анасының айтуынша, сараптама нәтижесінде баланың денсаулығына жеңіл зиян келтірілген. Енді оқушыға күш көрсеткен ер азамат қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ.
Одан бөлек, зардап шеккен баланың анасы шабуыл жасаған ер адам көршілерін ұжымдық арыз жазуға, кәмелетке толмаған баланы бұзақы деп атауға итермелеп жатқанын, полиция оны хаттамаға түсіргенін айтқан.