×

Атыраулықтар судан таршылық көруі мүмкін – облыс әкімі

Өңірде суды тазартатын жабдықтар әбден тозған

 Дәурен Ерболат 17.06.2022 | 12:42
Фото: atpress.kz

Алдағы 5 жылда Атырау облысында су тапшылығы 40%-ға өсуі ықтимал. Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкенов айтты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Оның айтуынша, Президенттің тапсырмасына сәйкес өңір дамуының кешенді жоспары қабылданып, онда тұрғындарды сапалы, таза ауыз су мен қамтамасыз ету бойынша нақты іс шаралар қарастырылған.

«Атырау облысы үшін су мәселесі өзекті. Себебі, өңірдегі негізгі су көздері бұл Ресейден бастау алатын Жайық, Қиғаш, Ақтөбе облысынан Жем, Сағыз, Ойыл өзендері және Қоянды мен Тайсойған жерасты су кен орындарына тәуелді. Облыс халқының 70%-ы Жайық өзенінен (Атырау қаласы, 3 аудан немесе 468 мың адам), 24%-ы Қиғаш өзенінен «Астрахань-Маңғышлақ» су құбыры арқылы (3 аудан немесе 162 мың адам) ауыз сумен қамтылған», - деді өңір басшысы Мәжілісте өтіп жатқан парламенттік тыңдауда.

Ол өңірдегі суды «Теңізшевройл» (ТШО), KUS (KarabatanUtilitySolutions), «Болашақ» зауыты (NCOC) сияқты ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен шаруа қожалықтары техникалық мақсатта қолданатынын атап өтті.

Сондай-ақ Қызылқоға және Құрманғазы ауданының тұрғындары (38 мың адам) жерасты су қорын тұтынып отыр (өңірдегі судың 6%-ы).

Серік Шәпкенов өңірдегі суды тазартатын жабдықтардың тозығы жеткенін атап өтті.

«Бүгінде облыста орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі – 99,6%, ауылдық елді мекендер бойынша – 83,6% немесе 128 ауыл. Алайда Атырау қаласы және Мақат ауданын сумен қамтамасыз ететін су тазартқыш жабдықтары өткен ғасырдың 30-60-жылдары қолдануға берілген. Қазір олар апаттық жағдайда тұр», - деді облыс әкімі.

Ол су тапшылығы мәселесі де өзекті екенін атап өтті.

Облыста су тапшылығы да бар және алдағы 5 жылда су жетіспеушілігі 40%-ға дейін өседі деген болжам бар. Осыған байланысты жаңа 2 сүзгілеу стансасын іске қосу жоспарланып отыр. «Астрахань – Маңғышлақ» су құбыры арқылы халықты сумен қамтамасыз ету мәселесімен бірге, өңір экономикасының негізін қалыптастыратын ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың да мәселелерін шешу қажет. Себебі алдағы уақытта су тапшылығы туындайды, - деді Серік Шәпкенов.

Оның пікірінше, бұл проблеманы шешу үшін құбырды 2 кезеңнен тұратын қайта жаңғырту және өткізу қабілетін ұлғайту бойынша жоспарланған құрылыс жұмыстарын кейінге шегермей, тездетіп шешу керек.

«Ауыз су тапшылығын жою үшін Көкжиде тұщы суы кен орнын пайдалану керек. Бұл халықтың денсаулығын жақсартуға әсер етеді. Экология министрлігі жобаның техникалық экономикалық негіздемесінің әзірленуіне қолдау көрсетуі шарт», - деп түйіндеді сөзін облыс әкімі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама