×

Ахмет Байтұрсынұлының туып-өскен үйі толығымен сүріліп тасталған

Орнына заманауи мұражай тұрғызылмақ

 Динара Амантай 17.06.2022 | 12:19
коллаж: Halyq Uni

Қостанай облысында Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны тамған үйі толықтай сүріліп тасталды.Бұған дейін үйдің іргетасы тұрған. Ұлт ұстазының көзіндей болған берік іргетасты мердігерлер бұзып тастап, орнын тез үгітілетін таспен қалаған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Жермен-жексен болған аумақта былтыр екі бөлмелі үй тұрған. Ахмет Байтұрсынұлы Сарытүбектегі осы баспанада дүниеге келген. Үйді ескерткіш ретінде ауыл тұрғындары 2009 жылы бастапқы кейпіндегі іргетастың үстінен салған. Тура бір ай бұрын Ахмет Байтұрсынұлы туған үй толық бұзылды.

 Осы арада Ахметтің бұрынғы үйінің ізі болған. Фундаменті бұның қара шымнан кесектен салынған еді. Осы үйдің пешпен бөлінген бұрышында Ахмет атамызды анасы дүниеге әкелді деп өзіміз ойлайтын едік. Енді үйдің ізі де қалмаған, дымы да жоқ. Ең соңғы Ахметтің өзімізде бар ескерткішінен айырылып қалып тұрмыз, – дейді Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны Жақсыбек Әбдісалық.

Биыл Алаш арысының 150 жылдық мерейтойында мақтан тұтарлық ауылда ешқандай ескерткіш қалмады. Әкімдіктің шешімімен мамыр айында үй қайта жаңғыртылатын болған. Тендер жарияланып, мердігер жұмысқа кіріскен. Бірақ 22 млн теңгенің құрылысы орта жолда тоқтап қалды. Нысанда сапасыз материалдар пайдаланғаны туралы видеолар әлеуметтік желіге тарап, дау шықты. Қабырғасына деген құм блоктары көпке шыдауы екіталай еді. Жауапсыз мердігермен келісім екі жақпен үзіліп, оған ақша төленбегендіктен іс сотқа жетпеді.

Саман кірпіштен қайта құйылған үй. Былайша айтқанда көріксіз, заман талабына сәйкес келмейтін, әрі қарай қалпына келтіруге мүмкіндігі жоқ үй болатын. Ол дәл Ахмет Байтұрсынұлының туған үйі емес. Соның іргесінің негізінде көтерілген үй. Үлкендердің айтуынша, ауыл адамдарының айтуы бойынша қаланған үй. Сондықтан біздің ойымызша, Ахмет Байтұрсыновтың туған үйі жер бетінен ысырылып тастады деуге келмейді. Тарихи шындыққа жанаспайды, – дейді мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

Қазір сүрілген аумақ тегістеліп жатыр. Жаңа үйдің құрылысы жобаланып қойған. Қыркүйек айына дейін салынып бітуі тиіс.

«Жоба бойынша 149 шаршы метр. Тұрғын үйді музей үй етіп, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Жобасы 20 маусымда алынады. Жобалық құжатын жасауға 1,2 млн теңге демеушілер атынан істеледі. Ал енді үйдің құны 37 млн боп тұр. Экспертизаға дейін. Ол әлі өзгереді, – дейді Жангелдин ауданы құрылыс бөлімінің басшысы Әділбек Иманғалиев.

Айта кететін жайт, ауыл тұрғындарының бастамасымен сапалы әрі қымбат Жаңаөзеннен әкелінген теміртастан Ахмет Байтұрсынұлына арналған кесене салынып жатыр. Ақкөл мен Ахмет ауылының халқы тұрғызып жатқан бұл кесененің құны 10 млн теңге болды. Құрылыс жұмыстары екі аптадан кейін бітеді деп күтіліп отыр. Кесене аумағы 70 шаршы метр болады. Биіктігі 7 метрден асады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама