Шағынауданға ең жақын станция 20 шақырым жерде орналасқан
Прокуратура жедел медициналық көмектің қолжетімділігіне және оның Медеу ауданындағы «Алатау» шағынауданының тұрғындарына уақытылы көрсетілуіне талдау жүргізді.
Айта кетсек, жергілікті тұрғындар Медеу ауданының әкімі мен прокурорының халықпен кездесуінде кепілдендірілген медициналық көмекті уақытылы алу мәселесін көтерген болатын.
Қазір «Алатау» шағынауданында 18 мыңға жуық адам тұрады. Оған Алматы облысының бірқатар бау-бақша серіктестіктері қосылған.
Жедел медициналық көмек көрсету ережесі бойынша дәрігерлер бригадасы жедел медициналық көмек көрсетуді талап ететін, өмірге тікелей қауіп төндіретін жағдайларда шақыртуды алған сәттен бастап 10 минутқа дейін келуі тиіс. Алайда прокурорлар шағынауданға ең жақын станция 20 шақырым жерде орналасқанын, бұл көбінесе кептелісті ескере отырып, фельдшерлердің келу уақытын кешіктіретінін анықтады.
«Талдау 2021 жылы аталған шағынауданның 17 тұрғыны жедел жәрдем көлігі келгенге дейін қайтыс болып кеткенін көрсетті. Медеу ауданының прокуратурасы осы проблеманы шешу үшін уәкілетті органға прокурорлық қадағалау актісін енгізді. Бұл актіні қарау нәтижелері бойынша «Алатау» шағынауданында жеке жедел жәрдем станциясы ашылды. Сондай-ақ 17 адамның қайтыс болу себептерін тергеу үшін арнайы комиссия құрылды», - делінген Алматы қаласының прокуратурасы таратқан хабарламада.