Halyq Uni логотип
×

Қаңтардағы қайғылы жағдай: Президент Бас прокуратураға арнайы тапсырма берді

Жаппай тәртіпсіздік кезінде 2 мыңға жуық адам ұсталған болатын

 Халық үні 14.01.2022 | 23:20
Қаңтардағы қайғылы жағдай: Президент Бас прокуратураға арнайы тапсырма берді
фото: Әсет Құндақбаев (Алматы)

Қасым-Жомарт Тоқаев осы ұсталғандарға қатысты тапсырма берді.

«Қасіретті қаңтар» оқиғалары кезінде және төтенше жағдай енгізілгеннен кейін түрлі құқықбұзушылық жасағаны үшін 2 мыңға жуық адам ұсталды. Қылмыс жасаған адамдар заң бойынша жауапқа тартылады. 

Бас прокуратураға басқа адамдардың кінәсі қандай дәрежеде екенін анықтауды тапсырамын. Жауаптылықты ауырлататын мән-жай болмаса, жазаны жеңілдету үшін шара қабылдаған жөн, – деп жазды твиттерінде Мемлекет басшысы.

Тоқаевтың бұл сөзін Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли егжей-тегжей түсіндіріп берді.

Өздеріңізге мәлім, Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратураға «Қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысып, әртүрлі құқық бұзушылық бойынша ұсталған азаматтардың кінәсінің деңгейін анықтауды тапсырды.

Мемлекет басшысы олардың ауыр қылмысы болмаса, жазаны жеңілдету шараларын қабылдауға болады деп санайды.

Бейбіт демонстрацияға қатысушылар қылмыстық жауапқа тартылмауы керек. Қ.Тоқаевтың түбегейлі ұстанымы – бейбіт жиналыстар мен митингілер заңға сәйкес өтуі керек. Заңда мұндай жиындардың ескерту арқылы ғана өткізілетіні қарастырылған. Митингілер және жиналыстарды енді қалалардың орталық аудандарында өткізуге болады. Бұл – еліміздегі демократияны ілгерілетуге бағытталған маңызды қадам, – деп жазды әлеуметтік желіде Берік Уәли.

Атап өтсек, 2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты.

Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Қасым-Жомарт Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама