Тоқаев Алматыдағы бүлік кезінде қаза тапқан әскери қызметшіні наградтады
Қасым-Жомарт Тоқаев Сәндібек Қайыровты ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады
Тиісті жарлық Ақордада жарияланды.
Әскери борышын атқару үстінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғау кезінде жасаған ерлігі үшін Қорғаныс министрлігі 32363 әскери бөлімі командирінің орынбасары (жауынгерлік даярлық жөніндегі) Сәндібек Ғалимоллаұлы Қайыров ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталсын (марқұм), - делінген құжатта.
Кеше Алматы халқы Сәндібек Қайыровты ақтық сапарға шығарып салған болатын. Қоштасу рәсіміне Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев та қатысты.
Әскери қызметші қаладағы тәртіпсіздіктен соң хабар-ошарсыз кетті деп есептелген. Оның қазасы жайлы 11 қаңтарда белгілі болды.
Сәндібек Қайыров Құрлық әскерлерінің Әскери институтын және Ұлттық қорғаныс университетін бітірген. Қарулы Күштерде взвод командирінен бастап десанттық-шабуылдау бригадасы командирінің орынбасарына дейінгі лауазымда қызмет атқарған.
Әскери қызметші өзінің туған жері Орал облысы (қазіргі Батыс Қазақстан) Чапаев кентінде жерленеді.
Атап өтсек, 2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты.
Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Мемлекет басшысы «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты.