×

«Өз тарапымнан кепілдік беремін...»: Жаңаөзен әкімі ереуілшілерге үндеу жасады

Мәселелерін ультиматум қою, заңсыз ереуілдер өткізу арқылы шешкісі келеді

 Еркеғали Болатұлы 16.06.2022 | 16:45
фото: ашық дереккөз

Қазір Жаңаөзен қаласындағы 5 мекемеде еңбек дауы жүріп жатқаны мәлім. Компания өкілдері 15 маусымда қала әкімдігінің алдына жиналып, бейнеүндеу жолдаған болатын. Осы мәселеге қатысты қала әкімі Айбек Қосуақов өзінің Facebook-тегі парақшасы арқылы арнайы үндеу жасады.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек даулары белгілі бір тәртіппен жүруі тиіс. Бұл – екі тараптың өз ұстанымдарын егжей-тегжейлі түсіндіре отырып, қарама-қарсы дәлелдерді тыңдай алатын сындарлы диалог жолы.

Алайда көп жағдайда тараптардың бірі белгіленген тәртіпті елемей, өз мәселелерін ультиматум қою, заңсыз ереуілдер өткізу арқылы шешкісі келеді. Өкінішке қарай, мұндай жағдайға арандатушылардың сөзіне ерген кәсіпорын қызметкерлері барып жатады, - деп бастады ол сөзін.

Өйткені жұмыс берушілері келіссөз кезінде барлық заңды алға тарта отырып, оларды заңсыз әрекеттер жасамауға шақырған. Алайда түсіндірме жұмыстары нәтижесіз аяқталып, компания басшылығы ұжымның өзге қызметкерлеріне кедергі келтірген азаматтарды сотқа беріп, жұмыстан шығаруға мәжбүр болыпты. Енді міне, сот шешімімен жұмыстан босап қалған жұмысшылар қала әкімдігіне бұрынғы жұмысына қайтаруды талап етіп барып отыр екен.

Алайда мемлекеттік органдардың жеке компанияларға қандай да бір адамды жұмысқа орналастыру туралы нұсқау беруіне құқығы жоқ. Біз әріптестерімізбен осы компаниялардың жұмыс берушілерімен және жұмысшыларымен бірнеше рет кездесіп, сөйлестік. Мәселені дау-дамайсыз шешуге шақырдық, - дейді әкім.

Алайда, мұны түсініп отырған жұмысшылар жоқ. Олар ереуілді тоқтатудан бас тартқан.

«Бізге бекітілген алгоритмнен айналып өтіп, мұнай саласына кезексіз жұмысқа орналасуды талап ететін жұмыссыздар санатындағы азаматтар өтініш білдіруде. Мен оларға бұл жөнінде бір емес, бірнеше рет айттым.

Тағы қайталап айтамын, кезектен тыс жұмысқа орналасуға болмайды. Өйткені бұл кезекте тұрған басқа кандидаттарға әділетсіздік болады. Сіздің кезегіңіз келгенше, өз кезегіңізді сақтай отырып, жұмыспен қамту орталығы ұсынатын 150 мыңнан 200 мың теңгеге дейінгі жалақсы бар басқа орындарда жұмыс істей аласыздар.

Мен өз тарапымнан осы процестің ашықтығы мен әділетті боларына кепілдік беремін», - деді Айбек Қосуақов жерлестеріне қарата.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама