«Қарғысыма қаласыңдар». Тараз тұрғыны пәтеріне бес жыл бойы қоқыс жинаған

Ұлдана Жұбай

Көршілері 76 жастағы тұрғынның баспанасына басып кірді

фотолар: Halyq Uni

Мүңкіген иіс, қолқаны қапқан қолаңса Тараздың қақ ортасында тұратын көпқабатты үйдің тұрғындарын бес жылдан бері мазалап келеді. Сасық иіс құбырдан не болмаса жертөледен емес, осында тұратын 76 жастағы кейуананың пәтерінен шығады екен. Себебі ол үйіне сырттағы қоқыстың түгін қалдырмай жинай береді екен. Әбден зәрәзап болған жұрт оның баспанасына басып кірді. Үйдің босағасынан төріне дейін жиналған қалдық үйіндіге айналған. Биіктігі адам бойына жететін қалдықтарды тұрғындар түсіріп алып, желіге де жариялаған.

Кейуананың қоқыс қаптаған үйінде тамақ қалдықтарынан бастап, түрлі заттарды кездестіруге болады. Пәтеріне кірген-шыққан сайын сырттан тұрмыстық қалдықтарды таси беретін кейуананың бұл әрекетін көршілері түсінбей дал. Ал өзін бақсы санайтын әйел шағымданған тұрғындарға «қарғысыма қаласыңдар» деп қорқытады екен.

«Қаншама жылдан бері сасық иіспен өмір сүріп келеміз! Шынын айтайық, әбден шаршадық. Жәй сөзбен де айтамыз, ұрысып та айтамыз. Елемейді. Қайта артымыздан неше түрлі қарғыс айтып, қарғап-сілейді. Сондықтан қорқамыз», - дейді қала тұрғыны Жадыра Сейтбекова.

Кейуананың тағы бір көршісі Еркін Бетаеваның сөзінше, әйел үйінде ит-мысықтарды сойып, одан тамақ жасайды екен. Онымен қоймай, жануардың етінен жасаған тағамдарды сатады-мыс. 

«Кеше үйінен бір машинадан сасып кеткен қоқыс шықты. Асты түгел құрттап кеткен. Су ағып жатыр, қан. Сасыған иіс, подъезге дейін шығып кеткен. Дем ала лмай кеттік. Ит-мысықтарды сояды да, вареники пісіріп, пойыз жолаушыларына сатады», - деді ол.

Жалғызбасты әйел көпшіліктің көзіне түспеуге тырысады екен. Ал пәтері коммуналдық қызметтен ажыратылған. Көршілерінің айтуынша, ішінде өлекселер болғандықтан бүкіл баспанада қандала қаптап, тарақандар толған. Сабыры таусылған тұрғындар бір ауыздан полиция өкілдерін шақырып, шара қолдануын сұрады. Түсініктеме алуға тырысқан сақшыларға әйел құжаттарының жоғалғанын айтып, пәтерді қалыпқа келтіремін деп сендірді. Ал не себепті сырттан қоқыс таситыны жұмбақ күйінде қала берді.

Мен ешқайда кетпеймін. Өз үйімде қаламын. Есім дұрыс. Алжыған жоқпын. Үйімді ретке келтіремін. Бір айдан кейін бәрі басқаша болады, - деді пәтер иесі.

Тұрғындардың шағымынан кейін бұл жерге әкімдік өкілдерінен бастап қарттар үйінің қызметкерлері де келді. Сегіз бірдей мемлекеттік мекеме өкілдері тұрғынның құжаты болмағандықтан шара қолдана алмайтынын айтады. Ал, психдиспансер мамандары күштеп әкете алмаймыз дегенмен шектелді. Ол үшін қоғамға қауіпті деген шешім шығуы керек екен.

«Қазір құжатының қанша уақыттан кейін тағайындалатынын айта алмаймын. Бұл мәселеге жалғыз біздің ішкі істер министрлігі кіріспейді ғой. Мұнда бәрі жан-жақты. Сол жан-жақты заңдылықты тексереміз. Сосын шешім қабылдаймыз», - деді жергілікті полиция қызметкері Бауыржан Иманбек.

Ендігі ретте әкімдік алдымен тұрғынның құжатын жасаумен айналыспақ. Қазір зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал кейуананың көршілері құзырлы мекемелердің нақты шара қолдана алмағанына наразы. Тұрғындар пәтер иесінің «әдетін» қазір қойғанымен, кейін үйреншікті әрекетіне қайта айналып келетініне сенімді.