Шығыс Қазақстанда 15 жылқыны ұрлаған барымташы ұсталды

Қымбат Елтайқызы

Мал ұрлығы азаймай тұр

фото: polisia.kz

Шығыс Қазақстан облысында 40 жастағы азамат 15 жылқыны ұрлады деген күдікпен құрықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Polisia.kz мәліметінше, қыркүйектің соңында ер адам қараусыз жайылып жүрген жылқы үйірін байқап, түннің қараңғылығын пайдаланып, оларды өзі жұмыс істейтін фермаға айдап әкеткен.

Күдікті ұрланған малдың тоғызын сатып, бір бөлігін базарға өткізген. Осылайша, жәбірленушілерге жалпы 6 миллион теңге көлемінде шығын келтірген. Ауыл тұрғындары жоғалған жылқыны іздеуге кіріскенде, күдікті өзіне күдік келмеуі үшін қалған жылқыларды еркіндікке жіберген, – делінген ақпаратта.

Дегенмен, тәртіп сақшылары қылмыстың ізін суытпай, тергеу барысында күдіктінің бұл іске қатысы бар екенін анықтап, оны қолға түсірді. Жедел-іздестіру шаралары барысында ұрланған малдың бір бөлігін тәркілеу мүмкін болды.

Қазір мал ұрлығы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасып жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, оның басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр.

Полиция департаменті тұрғындарға өз малын қараусыз қалдырмау және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін тағы бір еске салады. Олардың айтуынша, сақтық шараларын сақтау – ұрлықтың алдын алудың тиімді тәсілдерінің бірі.