Halyq Uni логотип
×

Ақтауда жігіттерді әскери комиссариатқа неге күштеп әкетіп жатыр?

Әскери басқарма аумағында ұялы телефондарды пайдалануға тыйым салынады

 Еркеғали Болатұлы 16.06.2022 | 14:40
Ақтауда жігіттерді әскери комиссариатқа неге күштеп әкетіп жатыр?
фото: ашық дереккөз

Sputnik.kz сайтына Ақтаудан Жәния атты әйел хабарласып, әскери комиссариаттағылардың нан алу үшін дүкенге кеткен ұлын күштеп, заңсыз алып кеткенін және жібермей жатқанын айтқан.

Түскі сағат 12:00 шамасында ұлым қоңырау шалды. Ол өзін әскери комиссариатқа алып кеткенін айтып үлгерді. Оның тек жасын сұрап, 18-ге толғанын естіп, бірден автобусқа апарған. Осылай көшеден күштеп алып кететіндей, елде соғыс жағдайы жоқ қой. Тіпті, балама қылмыскердей қарайды, - дейді ол.

Ал Маңғыстау облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті әскерге шақыру бөлімінің бастығы Талғат Сарбасовтың айтуынша, әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босатуға негізі жоқтар ғана алынады.

Биыл 1 наурыздан бастап 30 маусымға дейін Ақтау қаласында жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері және Ақтау қаласының жергілікті әскери басқару органдарымен рейдтік іс-шаралар өтеді. Мерзімді әскери қызметке шақырылғандарды іздестіру және жеткізу, шақыру науқаны кезінде мүмкін болмағандарға шақыру қағаздарын жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - дейді ол.

Айтуынша, рейд барысында әскери есепке алуды және әскери міндетті белгілеу мақсатында әскер жасындағы жігіттерге сауалнама жүргізіліп, жеке куәлік пен жеке сәйкестендіру нөмірі бойынша тіркелген мәліметтер тексеріледі.

«Әскери қызмет өткеруді кейiнге қалдыру немесе босату туралы мәлiметтер белгiленбеген жағдайда, азамат жергiлiктi әскери басқару органдарының шақыру учаскесiне жеткiзiледi. Жергілікті әскери басқарма аумағында ұялы телефондарды пайдалануға тыйым салынады», - дейді Талғат Сарбасов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама