Биыл бала құқығын қорғау саласында 3 негізгі заң қабылданды
Осы жылы балалар ерекше назарда болды
2024 жылы бала құқығын қорғау саласында 3 негізгі заң қабылданды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Биылғы жыл елімізде балалар құқығын қорғау бойынша маңызды оқиғаларға толы кезең болды. Осы жылы балалар жағдайын жақсартуға, әсіресе әлеуметтік қолдау мен балалар қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған үш негізгі заң қабылданды, деп мәлімдеді Оқу-ағарту министрлігі.
Ақпанда «Бала құқығы туралы» заңға жетім балалар үшін тәлімгерлік институтын енгізу бойынша өзгерістер енгізілді. Енді ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәлімгерлердің жеке қолдауына жүгіне алады. Қазір бұл жобаны жүзеге асыру белсенді түрде жүріп жатыр: бүгінде 17 қалада 330-дан астам тәлімгер айқындалып, олар балаларға қоғамға бейімделуге және өз бетінше өмір сүруге дайындалуға көмек көрсетіп келеді, – деп қосты ведомство.
Сәуірде әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында заңға қол қойылып, ол маусымнан бастап өз күшіне енді. Бұл заң 70-тен астам өзгерісті қамтиды. Балаларға қатысты жасалған зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуді және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Оның ішінде тәулік бойы көмек көрсететін «111» байланыс орталығы қызметінің бекітілуі, сондай-ақ балалар құқығы бойынша өңірлік уәкілдер институтын құру туралы жаңашылдықтарды атап өтуге болады. Заңда буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік және балаларды автобустан түсіруге тыйым салу қарастырылған.
2024 жылы Қазақстанда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау жөнінде маңызды қадамдар жасалды. Желтоқсанда Сенат мұндай балаларға арналған отбасылық құрылымның жаңа формасын – кәсіби қабылдаушы отбасын енгізетін заңды мақұлдады. Бұл олардың тұрақты ортадағы өмір сүру және тәрбиелеу жағдайларын жақсартады. Бұған қоса, заңмен қамқоршылық органдары мамандарының штат саны – 5 мың балаға кемінде бір маман болып белгіленген. Осылайша, олардың жұмысының тиімділігін арттыру көзделіп отыр.
Тағы бір жаңалық әлеуметтік көмектің кеңеюі болды: енді жеке меншік мектептерде оқитын осал отбасылардың балалары қажетті мектеп керек-жарақтары мен тауарларды мемлекеттік мектептегі оқушылармен бірдей алады.
Бұл жыл еліміздегі балалар құқығын қорғау жүйесінде маңызды өзгерістер жылы болды. Қабылданған заңдар тек балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың толыққанды дамуына жағдай жасайды. Соның ішінде жетім балаларды, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды және қиын жағдайға тап болған мектеп оқушыларын қолдау көзделіп отыр. Біз бұл қадамдар әрбір баланың жарқын болашағын қамтамасыз ететін қоғам құруға ықпал ететініне сенімдіміз, – деді Оқу-ағарту министрлігі Балалар құқығын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Биыл комитет қабылданған заңдардан бөлек, балалар құқығын қорғауды күшейту және жас ұрпақты қолдаудың қосымша механизмдерін құру мақсатында 14 жаңа нормативтік құқықтық акт, оның ішінде қаулылар мен бұйрықтар шығарды.