Елордадан Атбасар мен Көкшетауға жүретін жаңа жылдық электропойыз жолға шықты

Қымбат Елтайқызы

Мереке қарсаңында тағы бір пойыз іске қосылды

фото: Жолаушылар тасымалы

«Жолаушылар тасымалы» мерекелік тақырыпта безендірілген жаңа жылдық электропойызды жолға шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Электропойыз аптасына бес рет №6803/6804 «Астана-Атбасар» және №7507/7508 «Астана-Көкшетау» бағыттарында қатынайды, деп мәлімдеді «Жолаушылар тасымалы» АҚ.

Биылғы жаңа жылдық электропойыздың сыртқы безендіруі қар ұшқындары мен Аяз ата және Ақшақардың бейнелерімен ерекшеленеді. Вагондардың ішкі бөлігі шырша ойыншықтары, гирляндалар мен қар өрнектерімен әсемделіп, жолаушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлайды, – деп қосты ведомство.

Балалар үшін арнайы пошта жәшігі орнатылған, онда олар өз тілектерін жазып, Аяз атаға хат жібере алады. Сондай-ақ, жолаушылардың жайлылығы үшін пойызда жаңа піскен нан-тоқаш, сусындар және тәттілерді қолжетімді бағамен ұсынатын буфет қарастырылған.

Электропойыз екі бағытта ұйымдастырылған. Бұл мерекелік сапарды мүмкіндігінше көп жолаушыға қолжетімді етеді. Атбасарға пойыз дүйсенбі, бейсенбі мен жұма күндері, ал Көкшетауға сенбі және жексенбі күндері қатынайды. Жөнелту Астанадағы Нұрлы жол мен Астана-1 вокзалдарынан жүзеге асырылады.

Билеттерді bilet.railways.kz сайтынан немесе вокзал кассаларынан сатып алуға болады. Қосымша ақпаратты 1433 нөміріне қоңырау шалу арқылы алуға болады.