Halyq Uni логотип
×

Астанада запастағы әскерилерге арналған әлеуметтік қолдау орталығы ашылды (ФОТО)

Орталық бұрынғы әскерилердің азаматтық өмірге бейімделіп кетуіне көмектеседі

 Ербол Тұрымбет 24.12.2024 | 18:35
Астанада запастағы әскерилерге арналған әлеуметтік қолдау орталығы ашылды (ФОТО)
Фото: Halyq Uni

Елордада бұрын әскери қызметкерлердің зейнетке шыққаннан кейін азаматтық өмірге тез әрі оңай бейімделіп кетуіне көмектесетін әлеуметтік қолдау орталығы ашылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жоба «Әскери интеграциядан кейінгі қауымдастық» қоғамдық қорының бастамасымен жүзеге асырылып, запастағы әскери қызметкерлер мен олардың отбасыларына кешенді қолдау көрсетудің тиімді жүйесін құруды мақсат етеді. Орталық кәсіби құқықтық қолдау көрсетіп, білікті психологиялық көмек ұсынумен қатар, әлеуметтік тұрғыдан кешенді түрде сүйемелдеп, азаматтық өмірге бейімделу мен жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі.

Ашылу салтанатында запастағы генералдар мен әлемге танымал рекордсмен әрі бұрынғы әскери қызметкер Сергей Цирульник қатысып, жаңа орталықтың лентасын қиды.

Қордың негізін салушы Рүстем Жантеновтің айтуынша, үш ай бұрын бұл тек идея ғана болатын. Ал бүгін бюджетсіз, демеушілердің көмегімен осы орталық ашылып отыр.

Біздің орталық тек жұмысқа орналасуға көмектесумен шектелмейді. Алдымен адамның ойлау жүйесімен, дүниетанымымен және өмірге деген көзқарасымен жұмыс істейміз. 20-30 жыл бойы күштік құрылымдарда қызмет еткен адамның өзіндік ойлау жүйесі қалыптасады.  Азаматтық өмірге шыққаннан кейін ол көптеген нәрсеге басқаша қарай бастайды, – дейді ол.

Орталықта психологтар, коучтар және кеңесшілер жұмыс істейтін бөлмелер бар. Егер адам өз ісін ашқысы келсе немесе оның қандай да бір идеялары болса, оған кәсіпкерлер кеңес бере алады. Сонымен қатар, подкаст жазуға арналған студиясы бар.

Енді осындай кеңселерді Қазақстанның түрлі қаласында ашу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде жаңа жылдан бастап Алматы қаласында ашу қарастылып жатыр. Қорды негізінен бұрын әскери қызметкер болған кәсіпкерлер қолдайды.

Ұйым өкілдерінің айтуынша, жазда қала әкімдігінен ғимарат алып, оның ішін үш ай ішінде жөндеп біткен. Қор сапында қазір 9 адам тұрақты жұмыс істеп келеді. Орталық ашылғанға дейін де бірнеше бұрынғы әскери адам психолог, коуч ретінде мамандық игеріп алған.

Айта кетейік, бүгінде ұйымға 500-ден астам адам мүше.

Бұған дейін елімізде жаңадан офицерлер ұйымы құрылғанын, жаңа ұйымның бұрын әскери қызмет атқарған азаматтарды қоғамға бейімдеумен айналысатынын жазған едік. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама