Жаңа жыл қарсаңында тексеріс күшейді
Жаңа жыл қарсаңында Абай облысында өңірдің жасыл байлығын қорғауға бағытталған «Шырша» жедел алдын алу шарасы басталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, тәртіп сақшылары табиғатты қорғау мекемелерімен бірлесіп, қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу, тасымалдау және сату фактілерін анықтау жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп жатыр.
Үш күнде 34 рейд ұйымдастырылды. Рейд барысында кейбір алаңдатарлық жайт анықталды. Семей маңында төрт қарағайды заңсыз кескен азамат ұсталды. Рейд кезінде орман алқабында дөңгелек ағаш кесінділері табылды, – делінген ақпаратта.
Облыс орталығында жасыл желектерді зақымдағаны үшін үш адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар саябақтағы шырша бұтақтарын сындырып, табиғатқа залал келтірген.
Аягөзде патрульдік полиция табиғатты қорғау бөлімімен бірлесіп, Шығыс Қазақстан облысынан заңсыз кесілген қылқан жапырақты ағаштардың бұтақтары тиелген жүк көлігін құрықтады. Материалдар әрі қарай қарауға жіберілді.
Сақшылар қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесудің экологияға орасан зор зиян келтіретінін әрі мұндай әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Жаңа жыл қарсаңында табиғатқа қамқорлық танытып, оны келешек ұрпаққа сақтау керек. Әр адамның саналы әрекеті жасыл орманның болашағын қамтамасыз етеді.