Биыл 18 мыңнан аса адам елге оралды

Динара Амантай

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды

Фото: Halyq Uni

Жыл басынан бері 18 035 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпаратына сәйкес, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 146,4 мың этникалық қазақ оралған.

Жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың 45,4%-ы Қытайдан, 38,9%-ы Өзбекстаннан, 6%-ы Моңғолиядан, 5,8%-ы Түрікменстаннан, 2,7% -ы Ресейден және 1,3% басқа елдерден оралған.

1 желтоқсандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,1%, еңбекке қабілетті жастан кіші адамдар 33,4% және зейнеткерлер 9,5% болды.

Елге оралғандардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,5%-ы – жоғары білімді, 25%-ы – орта кәсіби білімді, 54,7%-ы – жалпы орта білімді және 2,8%-ының білімі жоқ.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 3 033 адам болды, Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 961 қандас қоныс аударды.