Алматыда жол ортасында намаз оқыған 30-дан аса адам жазаланды

Halyq Uni

Полиция департаменті мұндай құқықбұзушылықтарға жол берілмейтінін ескертті

фото: видеодан скриншот

Алматы қаласында жолды жауып, намаз оқығаны үшін 30-дан аса адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Halyq Uni қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полиция департаменті жол қозғалысына кедергі жасау қандай себеппен болса да Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы екенін және жауапкершілікке әкелетінін ескертті.

Заң талаптарын бұзған 30-дан аса адам ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 614-бабына сәйкес («Көлік қозғалысына кедергі жасау»), әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алматы қаласының полиция департаменті азаматтарды заңға бағынуға шақырады және мұндай құқықбұзушылықтарға жол берілмейтінін атап өтеді, - делінген департамент хабарламасында.

Еске сала кетсек, оқиға 6 желтоқсанда Алматы қаласындағы Орталық мешіт маңында болған еді. Жұма намазына келген жамағат мешіт ауласына сыймағандықтан, Мәметов көшесінің бойында, жол үстінде намаз оқыған. Бұл әрекет жолда көлік кептелісін тудырып, қала тұрғындарына қолайсыздық жасады.

Алматы қаласының полициясы мұндай жағдайларды болдырмау үшін профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейтетінін мәлімдеді.

Мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін құқық қорғау органдары тиісті шаралар қабылдайды және жол қозғалысын бұзатын кез келген әрекетке тосқауыл қояды, - деп атап өтті полиция өкілдері.