Маңғыстау облысына тек шетелдіктерге арналған казино салынады
Оған Қазақстан азаматтарының кіруіне қатаң тыйым салынады

Маңғыстау облысында тек шетелдік азаматтар ғана кіре алатын казино салынғалы жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың мәлімдеуінше, бұл ойын мекемесіне Қазақстан азаматтарының кіруіне қатаң тыйым салынады. Әкімнің айтуынша, мұндай шешім қазақстандықтардың қаржылық жағдайын қорғауға бағытталған.
Казиноға біздің азаматтар кірмейді. Бұл дұрыс шешім деп есептеймін. Айлық алған азамат казиноға барып, ақшасын ұтқызып жіберуі мүмкін. Сондықтан бұл казино туристер үшін ашылады. Мақсат — шетелдік туристерді тартып, олардың біздің елде мүмкіндігінше көп қаражат қалдыруын қамтамасыз ету, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Әзірге казиноның нақты атауы мен инвесторы анықталмаған. Әкімдік ойын-сауық орнының құрылысын жүргізуге мүдделі инвесторларды іздестіріп жатыр.
Сонымен қатар әкім Бозжыра мен Айрақтыда қонақ үйлердің құрылысы жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұл нысандар Маңғыстау облысының туристік әлеуетін арттыруға бағытталған.