Астанада спортшыларға «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығы табысталды
Кеш барысында ұлттық спорт түрлерінен жаттықтырушыларға да марапат берілді
Астанада Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын табыстау шарасы өтті. Жиынға Парламент мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжановқатысты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Салтанатты іс-шара барысында Ерлан Қошанов кейінгі жылдары елімізде ұлттық спорттың дамып жатқанына назар аударды.
Ұлттық спорт – ұлттық құндылық, ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр, асыл қазына. Біздің бабаларымыз елін, жерін тұлпарымен, бес қаруымен қорғаған. Қазір сол дәстүр бізге жетіп отыр. Ұлттық спортты алға сүйреп жүрген азаматтарға ерекше алғысымды айтамын.
Ұлттық спорт кейінгі жылдары қарқынды дамып келе жатыр. Ол ең алдымен мемлекеттік басшысының қолдауының арқасында іске асып отыр. Шынында да мемлекет басшысы ұлттық спортқа қаржыландыру, инфрақұрылым жағынан болсын ерекше қамқорлық, қолдау көрсетіп отыр. Соның бір ғана көрінісі – елімізді әлемге паш еткен, ұлттық спортымызды әлемге көрсеткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, - деді Ерлан Қошанов.
Қауымдастық президенті Исламбек Салжанов та мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтыңұлттық спорт түрлерін дамытуға шынайы ықылас танытып, айрықша қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының еліміз үшін олжалы болғанын сөз етті.
Бұл жетістік бізге бір күнде келген жоқ. Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы және Ұлттық спорт қауымдастығына қарасты 10 федерация халықаралық жарысқа дейін, тынымсыз еңбек етіп, спортшыларды қолдап, олардың дайындығына ерекше мән берді. Соның арқасында біздің жігіттер мен қыздар барын салып, жеңіске жетті, - деді Исламбек Салжанов.
Айта кетейік, биыл 11 номинация бойынша «Алтын тұғыр» сыйлығының иегерлері марапатталды. Олар:
«Тоғызқұмалақ» номинациясы бойынша — Асылхан Қожанәсіп пен Салтанат Сапарбекова.
«Бәйге» номинациясы бойынша — Хамза Амангелді пен Ержан Ақылбаев.
«Құсбегі» номинациясы бойынша — Ерасыл Серікбекұлы, Бексұлтан Сейітжан және Иманғали Әбдулкәрімұлы.
«Көкпар» номинациясы бойынша — Абылайхан Нышанбеков.
«Аударыспақ» номинациясы бойынша — Сырым Ізбасаров.
«Жамбы ату» номинациясы бойынша — Ақәділ Пернебай.
«Теңге ілу» номинациясы бойынша — Рахат Қамбаров.
«Дәстүрлі садақ ату» номинациясы бойынша — Жәнібек Құлмырзаев және Айкөркем Батихан.
«Асық ату» номинациясы бойынша — Нұрқисса Молжігітов және Камила Даниярова.
«JORYQ» номинациясы бойынша —Алматы қаласының «Алатау» командасы.
Сондай-ақ салтанатты марапаттау кеші барысында ұлттық спорт түрлерінен жаттықтырушыларға марапаттар берілді. Олар:
«Тоғызқұмалақ» — Бауыржан Төлегенов.
«Бәйге» — Төребек Құрманғалиев.
«Құсбегі» — Елтай Мүптекеев.
«Көкпар» — Еркебай Омарбек.
«Аударыспақ» — Біржан Қосалиев.
«Жамбы ату» — Сәнім Мурадова.
«Теңге ілу»— Нұржан Әбілқасымов.
«Дәстүрлі садақ ату» — Диас Миллат.
«Асық ату» — Ескендір Рахметов.
Сонымен қатар, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ қарасты «Qazsport» телеарнасы ұлттық спорт түрлерін дамытуға ақпараттық қолдау көрсеткені үшін «Алтын тұғыр» сыйлығының лауреаты атанды.