Президент тапсырмасын орындай алмағандар қызметінен кетті – Маңғыстау облысының әкімі экс-орынбасарлары туралы
Басқарма басшыларына талап күшейген

Бүгінде президент тапсырмасын уақытында орындай алмаған басшылар қызметінен кетті. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбай айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Орталық коммуникация қызметінде өтіп жатқан баспасөз қызметінде өңір басшысына «Сіз облыс әкімі болып тағайындалғаннан бері әкімдікте облыс әкімінің біраз орынбасары қызметінен кетті. Бұл немен байланысты? Сіз талапшылсыз ба? Маңғыстау облысында кадр тапшылығы мәселесі бар ма?» деген сұрақ қойылды.
Нұрдәулет Қилыбай басшылар қойылған міндетті орындай алмағанын атап өтті.
Жасырмаймын, кейбір әріптесімізге кет деп айтуға тура келді. Себебі, оған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмаларын уақытында орындамауы себеп болды. Бұл проблемалар бір емес, бірнеше жылға созылып келе жатыр. Сондықтан біз кейбір әріптесімізді алмастыруға мәжбүр болдық. Кейбіреулері өздері сұранып, жұмыстан кетеміз деді. Кетемін деген адамды қалай ұстап тұрасың? Келісім беруге тура келді. Тағы айтайын, «Орынды босат, кет» деп айтуға тура келген кездер болды. Көпшілігі өзінің еркімен арызын жазып (жұмыстан) кетті. Мен талапшылмын ба, емеспін бе? Оны білмеймін, - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ өңір басшысы бүгінде облыста 3 басқармада жұмыс орны бос тұрғанын, басшыларға талап күшейіп жатқанын атап өтті.
Қазір онда бұрынғыдай емес, басқарма басшыларына талап күшейген. Олар (қызметке келмес бұрын) тест тапсырады. Кейбіреулері (тестіден) өте алмай қалып жатыр. Қазір басқарма басшыларына талап қатты күшейді. Мысалы, Табиғи ресурстар басқармасына басшы болу үшін міндетті түрде (талап қойылатын) мамандыққа оқу керек. Өздеріңіз білесіздер, менің кезімде бәрі заңгер, экономика мамандығын оқып кетті. Сәйкесінше, эколог, инженер сияқты мамандықтарды меңгергендер азайды. Қазір (басқарма басшыларына үміткерлерді) іріктеу барысындамыз. Конкурсқа қатысып, өтемін деген адамға есігіміз ашық, - деді Нұрдәулет Қилыбай.